Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы күрес саясатын қалыптастыру мәселесі ел қауіпсіздігін күшейтудің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Әлемдік терроризм құблысы қаншалықты күрделі, құпия, латентті және қорқынышты болғанымен тиімді терроризмге қарсы күрес саясаты осы қауіпті құбылысты ауыздықтауға қабілетті екендігі белгілі. Қазақстанда терроризмге қарсы күрес саясатының қалыптасуы елдің тәуелсіздік алуы үрдісімен бірге басталған деп есептеуге болады. Елдің ашық қоғам орнатуда мақсат тұтқан стратегиялық бағыты әлемдік қауіптерге де есік ашуға мәжбүр етті. Қазақстанның кең байтақ территориясы, зор қуатты шикізат қорлары, поликонфессиялық халық құрамы шетелдік діни секталар, миссионерлік топтар, террористік топтар мен трансұлттық корпорациялар үшін ерекше қызығатын обьектіге айналды. Елдің гоестратегиялық маңызы оның алып Евразия кіндігінде орналасуымен күшейе түсті. Террористік топтар Қазақстанға ену арқылы әлемдік үрдістерге өз ықпалдарын арттыруды көздеді..
Қазақстанға терроризм қаупін негізінен радикалистік исламдық идеологияны басшылыққа алған «ислам террористері» деген атты жамылған, шын мәніндегі нағыз ислам дініне қатысы жоқ топтар төндіруде. Ондай топтар елге Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қырғызстан, Пәкістан, мемлекеттерінде дайындық лагерлерінен өтіп барып кіруде. Кейбір исламистік топтардың штаб-пәтерлері Батыс мемлекеттерінде, соның ішінде Лондон қаласынан басқарылатыны да белгілі болып отыр. Сондықтан «Аль-Кайда», «Мұсылман бауырлар», «Хизб-ут-Тахрир» т.б. топтардың әлемнің көптеген елдерін шырмап алған резентурасы бар екендігі шындық. Осы топтардың мүшелерінің әрекеттері Қазақстанда да байқалуда.
Қазіргі терроризмнің ерекшеліктерін білу маңызды. Зерттеулер жасау арқылы оның алдын алу шараларын ойдағыдай ұйымдастыра аламыз. Бұл ретте террористердің соққысына көп ұшыраған АҚШ, Ресей, Түркия, Италия, Үндістан т.б. мемлекеттердің тәжірбиесін сараптау маңызды. Халықаралық терроризмді әлсірету үшін бірінші кезекте террористік соққыға ұшыраған мемлекеттердің өзара ықтымақтасуы қажет.
Қазақстан шекарасының периметрімен әлеуметтік саяси жағдайы тұрақсыз мемлекеттердің орналасқанын есепке алсақ алдағы көп этникалық жағдайды сепаратистік, діни экстремистік және террористік мақсаты бар саяси күштер пайдалануға мүмкіндіктері бар екендігін жоққа шығаруға болмайды. Өзбекстандағы террористік әрекеттер жасаушы топтар, Қытайдағы ұйғыр сепаратистері, Ресейдегі шешен терроризмі, Тәжікстан мен Қырғызстандағы исламдық радикалистік ұйымдар, халықаралық исламдық террористік ұйымдар т.б. топтар.
Қазақстанды саяси тұрақтылықтан шығарып, өздерінің саяси экстремистік мүдделеріне пайдаланғысы келетіндері шындық. Бұл туралы сарапшылардың «Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы саяси үрдістер мысалында кландық бөлінушіліктің сепаратизм дамуының белсенді католизаторына айналғанын көреміз»,-деген пікірлермен келісеміз.
Терроризм жәй ғана қатардағы қылмыс емес. Ол саясатты іске асырудың құралы. Терроризм саясатты зорлықпен, күшпен, соғыспен, қырумен іске асыру болып табылады. Сарапшылар айтқан 200-дей террористік топтар зорлықпен, қорқытумен діттеген мақсаттарына жетудің сан түрлі құпия жолдарын қарастыруда. Әлемдік терроризмді жоюдың ең дұрыс жолы әлемдік тәртіптерді өзгертуге кірісу. Әлемдік табыс пен өркениет жетістіктерін бөлісудегі қазіргі диспропорция мен әділетсіздікті жеңу терроризмді күн тәртібінен түсіреді. Әлем халқының 1 млрд. адамы (20 пайызы) қалған 6 млрд. (80 пайызы) адамын қанап отырғанда. «Алтын» 20 пайыз әлемнің 80 пайыз ресурстарын иемденіп отырғанда, кедей мемлекеттер дамыған елдердің өндірістік қоқыстарын қабылдап, шикізат көзіне айналуы үрдісі тоқталмаса терроризм тоқталмайды.
Әлемдік саяси арена халықаралық саяси ойыншылардың өз мүдделері үшін ашық, жасырын, құпия күрестерінің аренасы. Қандай мүдделі топ болмасын басқа топтарды әлсіретуге , саяси ойын алаңынан ығыстыруға тырысады. Бұл әрекеттерде мемлекеттердің арнаулы қызмет органдары, барлау мен қауіпсіздік мекемелері шешуші рол атқаратыны шындық. Сондықтан Қазақстанның кең байтақ жерінің байлықтарын иемденуге ұмтылған мемлекеттердің арнаулы қызмет органдарының әрекеттеріне өте сақтықпен қараған жөн.
Астыртын діни ұйымдар ең алдымен Қазақстан жастарының санасын улауды көздейді. Олар өздерінің үгіт насихат жұмыстарын түнгі клубтарда, диско барларда, ірі спорттық кешендерде, бильярд клубтарында белсенді жүргізіп келгендіктері белгілі болып отыр. Сондықтан, жастардың бұқаралық демалыс орындарының терроризм қаупінен сақтануы мәселелеріне құқық қорғау органдарының ерекше назар аудару қажеттігі туды.
Қазақстан терроризмге қарсы ұранымен, американ халқының ұлттық мүдделерін қорғау желеуімен АҚШ қарулы күштерінің Ауғанстанды, Иракты басып алуын және Иранға қауіп төндіруін қолдай алмайды. Бұл шиеленісте Қазақстан үшін қиын таңдау тұр. Біріншіден, әлемдік лидер держава АҚШ-ты өкпелетіп алмау, екіншіден бауырлас, діндес мұсылман мемлекеттерін Қазақстанға қарсы қоймау қажет. Қазақстанның АҚШ-пен достасуының, жақындасуының пайдасы мен қоса зиянды жақтары да бар. АҚШ-тың геостратегиялық саясатын қолдай беретін болсақ радикалистік исламистік террористік топтардың соққыларына ұшырауы ықтимал. Сондықтан Қазақстанның АҚШ-пен және Батыс Европаның күшті мемлекеттерімен жақындасуы дәрежесі ислам уммасы, немесе мұсылман қауымының ортақ мұдделеріне қайшылықта болатын шектен шықпауы тиісті.
Қазақстанның Конституциялық және стратегиялық даму мақсаты құқықтық мемлекет орнату. Сол себепті қандай қайшылықтар, қиын оқиғалар мен құбылыстар болмасын заңмен реттеуге тиісті. «Терроризмге қарсы күрес туралы» Заңның ұстанатын принципі осы күрделі құбылыспен күресте заңдылық принципін сақтау болып табылады. Террористер қандай ауыр зұлымдық қылмыстарын жасамасын, адамдарды жазықсыз қырмасын, олар тек заң алдында жауап беруі тиіс. Олардың жазасын атаулы тобыр емес, қаталда бұрмаланбайтын Заң тартқызуға тиісті. Заңдық принциптің сақталуы террористік қозғалысқа тосқауыл қоюдың ең бір оңтайлы жолының бірі болып табылады. Террористер міндетті түрде заңмен жазаланатынын білгенде, сезінгенде ғана өз әрекеттерінен аулақтай бастайды. Ал тобырдан қашып кетуге, тығылып қалуға болады. Заң террористердің әлемнің қандай да болмасын нүктесінен тауып алуға және жазасын беруге құдіреті бар. «Терроризмге қарсы күрес туралы» Заңға қосымша күшті серпіліс әкелген Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 18 ақпандағы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңы болды. Бұл заң да мемлекеттік қауіпсіздік мәселесін ерекше күшейтуді мақсат тұтады. 1999 жылғы Заңда нақтыланбаған мәселелер 2005 жылғы Заңда кеңінен қарастырылады. Бірінші кезекте терроризм құбылысы мен экстремизм құбылысының ара жігі ашылып көрсетілді. Терроризм саяси мақсаттарға жету үшін жасалатын мақсатты зорлық, күштеу, қорқыту әрекеттері болса, экстремизм мемлекеттің саяси құрылысына, басқарушы билікке қарсы жасалынған, билікті күшпен тартып алуды мақсат тұтқан әрекеттер болып табылады. Экстремизм мен терроризмнің тікелей өзара тәуелді байланысы бар екендігі заңсыз.
Әлемдік саяси тәжірибе халықаралық терроризмге қарсы күрес сол елдегі авторитаризмді күшейтіп, ел азаматтарының демократиялық бостандықтарын біршама шектейтіндігін көрсеткен. Сол себепті Қазақстанда терроризмге қарсы күрес шаралары мен заңдары елдің демократиялық дамуының магистралды бағыттарын бұрмаламауға тиісті. Терроризм заң шеңберінде, әділетті күрес тәсілдерімен ғана қудалануға тиісті. Қазақстанда енді ғана қалыптасып келе жатқан адам құқықтарын қорғау, демократиялық бостандықтар, жеке адамның еркіндігі сияқты өзекті, өркениетті қоғамның негізгі құндылықтары терроризмге қарсы шаралар желеуімен шектелмеуге тиісті.
Қазақстанның этнодемографиялық құрылымы, геосаяси жағдайы, әлемдік еңбек бөлінісі мен нарықтық экономикадағы орны қаншама күрделі болғанымен елдің саяси басшылығы тиімді терроризмге қарсы саясат жасай алды. Ондай саясаттың қалыптасуына және нығайуына Қазақстанның терроризм қаупімен күресте халықаралық ұйымдар мен ынтымақтасуының әсері үлкен болды.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, «Саясаттану» кафедарсының доценті, саяси ғылымдар кандидаты Тулебаева Меруерт Кенжебайқызы