Нумеролог Құралай Бақытқызы түстер терапиясының сырларымен бөлісті, — деп хабарлайды balbal.kz.
Түстер терапиясы бүгінде психологияда кеңінен қолданысқа ене бастаған тәсіл.
Көйлектің көк не жейденің жасыл болуы адамның көңіл-күйіне, шаршап-шармауына әсер ететіндігі баяғыдан айтылып келеді.
Түстер терапиясын Қазақстанда екінің бірі біле бермейді. Нумеролог, «Shaikhy» дәртүрлі емес орталығының иесі Құралай Бақытқызы Balbal.kz порталы оқырмандарымен түстер терапиясының сырларымен бөлісті.
Instagram: @numerolog.88 Хабарласу: +7 708 230 50 80
Интуицияңызды тыңдаңыз!
«Адамды киіміне қарап қарсы алады, ақылына қарап шығарып салады» деген сөз бар. Мен болсам, киген киімінің түсіне қатты мән беремін. Бірақ қызыл түсті киген жан өте белсенді адам деп нақты қорытынды шығара беруге болмайды. Себебі өзінің ішкі жан дүниесіне үңілместен, өз түйсігіне мән берместен қолына ілінгенді кие салатындар баршылық. Адам өзінің табиғатына, мінезіне сай түсті таңдай білсе, мен іштей қатты қуанамын. Ол адамның түстер терапиясынан хабары болмауы әбден мүмкін. Алайда интуициясы жақсы дамығанын білдіртеді. Түстер терапиясында адамның жиі киетін түсі адам жайлы көп ақпарат береді. Сіз күнделікті түрлі түсті киім киюіңіз мүмкін, дегенмен көбінесе қай түске жақынсыз, сол түс сіздің бітім-болмысыңыз туралы кеңірек ақпарат береді.
Кестеге қарап киініңіз!
Жалпы, әр күннің өз түсі болады. Тіпті ғаламторды шарлап жүрген дайын кестесі бар. Кестеге қарап-ақ қай күні қай түсті киім киюге болатынын, немен айналысқан абзал біле аламыз.
Түске қарап ем алыңыз!
Бұрын программист болып жұмыс жасап жүргенде кодтарға қатты мән беретінмін. Сайтта белгілі бір түсті шығару үшін арнайы цифрланған кодты жазатынбыз. Мысалы, көкшіл түсті шығару үшін 171842 деп жазу жеткілікті. Қасына тағы бір санды қоссақ, ол жасылға айналатын. Сол сияқты түстің өзінде белгілі бір кодтар-құпиялар жатыр. Жалпы, дұрыс түсті киім кию адамның жанын да, тәнін де емдейді.
Түстер терапиясына келген адамды ең біріншіден не мазалап жүргенін анықтаймыз. Сосын сол кесел-мазасыздыққа сай белгілі бір түсті таңдаймыз да, ұзақ уақыт бойы сол түске қарап жатуын сұраймыз. Сол арқылы түстің энергиясын адам өз бойына сіңіріп алады. Көзі қызарып жүретін адамға қызы түсті көзілдірік тағуға кеңес беріледі. Асқазаны ауырып, өт жолдары дұрыс жасамай жүрген науқасты сары түсті киім киюге шақырамыз. Кез келген түстің ашық түстері нервозды-ашушаңдықты емдейді. Тіпті байлыққа жауап беретін түстер болады. Бизнесте өз жолын тауып, мақсатын айқындауы үшін біз жас кәсіпкерге күлгін, сұр түстерге жақын болуға ақыл-кеңес айтамыз. Бұл металдың түстері. Кейде кәсібін өрге домалатқысы келіп жүрген азаматқа күш-жігер жетіспей жатады. Болар іс әлі болмаса да мазасызданып, күйгелектеніп, әбден толқып кетеді. Кейбірі мінезі жұмсақ болғандықтан опық жеп жатады. Ондайда сұр түсті киім кисе, адамда табандылық, қажыр-қайрат пайда болады. Жалпы, күлгін және сұр түстерді күш беретін түстер дейміз. Аса уайымшыл жандарды сары түспен емдесек, олар өздеріне сенімді бола түседі.
Қызыл түсті сүйетін адам тез сөйлейді, шапшаң шешім қабылдайды, сәннен қалыспайды, спортқа жақын болады. «Қолға алған істі бітіремін, бүгін өзімді сергек ұстап, барынша белсенді боламын» деп ниет еткен адам қызыл түсті киім кисе, энергиясы тасып, шапшаң қимылдағанын өзі байқамай қалады. Қызғылт сары түс те энергия дарытатын түс.
Қоңыр түс – топырақтың түсі. Бұл түс бала көтеруге көмектеседі. Қоңыр жалпы байлық пен бала туу қабілетіне жауап беретін түс. Қоңыр түсті жақсы көретін адам берекелі, ақшалы, бизнесте жолы болғыш келеді. Сонымен қатар бала-шағасы, байқағанымдай, көп болады. Бірақ қоңыр түс арық адамның толуына себепкер болады. Арық толамын десе, қоңыр түс кисе, белгілі бір уақыттан соң салмақ қосқанын байқайды.
Көк түс – бейбітшілік пен тазалықтың түсі. Бұл түсті жақсы көргендер адал дос бола біледі. Көк түс адамның тамақ чакрасына жауап береді. Яки шешен, анық сөйлету үшін көк түсті пайдалана аламыз. Сондықтан да тілі шықпай жүрген балаларға, аутизмге шалдыққандарға көк түсті киім кигізген абзал. Қытайлар, кәрістер, жапондар, ең қызығы, тамақ ішерде тамақтың түсіне аса мән береді екен. Қан қысымы бар, қаны аз, жүрегі ауыратын адамдарға қызыл түсті тамақ жеген шипа болады деп есептейді екен.
Сары түс те топырақтың түсі. Яки бедеулік пен белсіздікті емдеу мақсатында сары түсті киімді көбірек кию қажет. Сары түсті киім көңіл-күйді көтеріп қана қоймай, рухани жағынан кемелденуге, прогрессе жақын болуға, шығармашылық жағынан тоқырап қалмауға әсер етеді. Сары түс – жарқын көңіл-күйдің, риясыз күлкінің түсі.
Ақ түсті сүйіп киетіндер әдетте өздеріне сенімді болып келеді. Айтқан ісін аяғына дейін жеткізетін адамдар. Тіпті кейбірі өздерін әскери адамша ұстайды. Олардан нұр энергиясы сезіледі.
Қара түс біз ойлағандай жаман түс емес. Бұл классикалық түс. Адамның денсаулығына жауап береді. Гипербелсенді балаларға ақ пен қара түстен тұратын жолаққа қарауды өтінсек, олар тыныштала түседі. Себебі қара түс адамды тыныштандырады. Кішкентай балалардың қарым-қабілетін ашқыңыз келсе, есте сақтау қабілетін жақсартқыңыз келсе де қара түстің көмегіне жүгінесіз.
Бұл методиканы базбіреулер сынап-мінеп, күлкіге айналдыруы да мүмкін. Алайда қызылшамен ауырған баланы қызыл киімге киіндірген ата-бабамызды еске түсіріп, назарыңызды түстер терапиясына бұрып көріңіз.
Психологтар былай дейді: «Бүгін сіз өзіңізді бақытты, бай-қуатты және байсалды сезінгіңіз келе ме, онда киіміңіздің түсін өзгерткеніңіз жеткілікті». Демек киер киімнің түсін дәл таңдау – табыс пен жетістік, мықты денсаулық пен бақытты өмірдің кілті.