Бұрынғы Мәжіліс депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бекболат Тілеухан журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында отбасы мен үш жары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Сұхбат барысында ол бастапқыда жеке өмірі, жұбайлары мен балалары туралы кеңінен әңгімелегісі келмегенін айтты. Дегенмен журналистің сауалдарына қысқаша жауап берді.
Бекболат Тілеуханның айтуынша, анасы оның үшінші жарын көрмеген, яғни онымен танысып үлгермеген.
«Төсегімдегі әңгімені айтпай-ақ қояйықшы. Раушан, Кенже, Жанар – менің балаларымның аналары. Мен оларды құрметтеймін. Бір нәрсе айтсам, баламның да, олардың да, туыстарының да көңіліне тиіп кетуі мүмкін», – деді ол.
Журналист одан өмірге қайта келсе, тағы да үш рет үйленер ме еді деген сұрақ қойған.
Бекболат Тілеухан бұған өз өмір жолын тағдырмен байланыстыра жауап берді.
«Бұл – менің тағдырым. Екінші рет өмірге келсем де осы жолмен жүрер едім деген сөз бар ғой. Алла тағала иманды, қазақтың жақсы қыздарын маған жар етті. Әрқайсының өз орны бар», – деді ол.
Сұхбат барысында экс-депутат балаларының өзге ұлт өкілімен шаңырақ көтеруіне қарсы емес екенін де айтты. Алайда оның пікірінше, болашақ жарының мұсылман болғаны маңызды.
Сонымен қатар, ол баланың мамандық таңдауына немесе діни көзқарасына ата-ананың толық ықпал етуі мүмкін емес екенін мойындады.
