Автокөлік жолдарының құрылысында міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады.
Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл тұрғыда Президент жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Ал жол саласының ардагері, ғалым Әбді Қиялбаев Көлік және коммуникация министрлігі жеке құрылып, жол саласын сол министрлік еншісіне бергені құптарлық әрекет болды деп санайды. Гончаров атындағы Алматы жол академиясында білім беріп, шәкірт тәрбиелеп отырған ардагер маман әуелі жолға қатысты ғылымды дамыту керек деген пікірде.
Жол саласын Көлік министрлігіне бергені дұрыс болды. Нақты сол министрлік қарау керек қой. Президент жолдауда айтқан дүниелер шындық. Жол құрылысы саласында олқылық көп. Мәселені шешуді тапсырды. Енді түзелетін шығар. Алайда жолға, жол құрылысына қатысты ғылымды дамытпай үлкен өзгеріс күту бекершілік. Мысалы, өзіміздің Алматыда биыл жолдарды бұзып, жаңа жолдар салып жатыр. Қалай болса солай. Қазақтың сөзі бар ғой “домбайлап” деген, солай салып жатыр. Менің көңілім толмайды. Қажеттісі бар, қажетсізі бар. Шетінен жаңалап тастады.
Әбді Қиялбаев елдегі жол сапасын бақылайтын мекеме Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен үнемі бірлесіп жұмыс істейді. Тәжірибелі ардагер маман орталық қызметкерлеріне үнемі ақыл-кеңесін айтады. Жол саласына маман даярлауда да ерекше үлес қосуда.