Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Асхат Жұмағали мен Көлік министрі Марат Қарабаев бірлескен кеңесте жол құрылысы саласындағы өзекті мәселелер мен міндеттерді талқылады, деп хабарлайды Tarazy ақпарат.
Соңғы 3,5 жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жол құрылысы саласында 64 жемқорлық құқық бұзушылықты тіркеп, 70 адамды әшкереледі, 38 адам сотталды. Залал сомасы 8,8 млрд теңгені құрады.
Негізінен қылмыстар парақорлық, қаржы жымқыру, сондай-ақ лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілерімен байланысты.
«Жол жұмыстары сапасының төмендігі құрылыстың барлық кезеңдерінде (бюджеттік жоспарлау, жобалау, сметалық жоспарлау, жобалық-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптамасы, техникалық қадағалау, қабылдау, пайдалануды бақылау) жүйелі жемқорлық тәуекелдерімен байланысты», деп атап өтті Асхат Жұмағали.