Алматы қаласының Алмалы аудандық соты заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты үкім шығарып, оны ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп таныды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Сот үкімімен Әділетхан Молдахан 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Еске салайық, Молдаханға әлеуметтік желілерде көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған. Іс бойынша жәбірленушілер ретінде Алматы қаласы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев пен Алматы қаласы әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы басшысы Серік Шумаев танылды.
Сот процесі барысында мемлекеттік айыптаушы Әділетхан Молдаханды үш жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Бұған дейін прокурор айыпты қайта саралағандықтан, сот отырысы кейінге шегерілген болатын.
Бұған дейін журналист Руслан Өтепбай жәбірленуші тараптың қорғаушысына сілтеме жасап, Ұзабаев пен Шумаевтың Әділетхан Молдаханды кешірмегенін хабарлаған еді.
