Алматыда алдағы бес жылда 200 мыңға жуық ғимарат сейсмикалық тексеруден өтеді. Әр нысанға сейсмопаспорт беріліп, мәліметтер бірыңғай цифрлық базаға енгізіледі. Бірақ тексеру кезінде қауіпті деп танылған үйлердің жағдайы не болмақ? Олар нығайтыла ма, әлде сүріле ме? Бұл жұмыстарды кім қаржыландырады? Осы сұрақтарға құрылыс саласының сарапшысы, Qazaq Expert Club мүшесі Диляра Сейтнұрова жауап берді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Алматыда қанша үй сейсмикалық тұрғыдан осал?
Сарапшы бұған дейін жүргізілген сейсмикалық аудиттердің нәтижесіне назар аударды. Оның мәліметінше, 2017–2018 жылдардағы алғашқы кезеңде 10 525 ғимарат тексерілген. Соның 8 176-сы – көппәтерлі тұрғын үй.
«Қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының дерегіне сәйкес, сол кезде 3 101 нысан сейсмикалық тұрғыдан осал деп танылды. Олардың арасында 2 538 көпқабатты үй мен 743 қоғамдық ғимарат бар. Ал 2023–2024 жылдардағы екінші кезеңде тағы 10 916 нысан тексеріліп, 51 тұрғын үй талапқа сай емес деп танылды. Бұл ғимараттардың жасы мен конструкциясы әртүрлі болғандықтан, бәріне бірдей шешім қолдану мүмкін емес», – дейді Диляра Сейтнұрова.
Алматының оңтүстік бөлігі 10 балдық, солтүстік аумағы 9 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Қаладағы тұрғын үйлердің едәуір бөлігі бұрынғы құрылыс талаптары бойынша салынған. Кейін бұл нормалар бірнеше рет өзгертілді. Мәселен, биік ғимараттарда кірпіш толтырмаларды қолдануға 2010 жылы ғана тыйым салынған.
Қандай үйлерді нығайтуға болады?
Сейсмикалық күшейту кезінде ғимараттың қабырғалары, жабындары, оларды байланыстыратын тораптары, іргетасы мен негізі нығайтылады. Қажетті жұмыстардың көлемі аспаптық тексеру мен инженерлік есептеулерден кейін анықталады.
«Нығайту тәсілі конструкциясы жалпы жақсы сақталғанымен, антисейсмикалық элементтері қарастырылмаған 1950–1960 жылдары салынған кірпіш және тас үйлерге тиімді. Мұндай жағдайда нақты кемшілік жойылып, ғимараттың қызмет ету мерзімін ондаған жылға ұзартуға болады», – дейді сарапшы.
Алайда кез келген үйді нығайту мүмкін емес. Егер ғимараттың табаны деформацияланып, іргетасы әлсіз немесе суға қаныққан топыраққа шөксе, негізгі конструкцияларының пайдалану мерзімі аяқталса немесе тұрғындар көтергіш қабырғаларға заңсыз өзгерістер енгізсе, оны күшейту тиімсіз болуы ықтимал.
Сарапшының айтуынша, мұндай үйлерге жұмсалатын қаражат жаңа ғимарат салу құнына жуықтауы мүмкін. Оның үстіне атқарылған жұмыстың қауіпсіздікке кепілдік беретіні анық емес. Сондықтан оларды сүру орынды.
Бір үйді нығайту қанша тұрады?
2019 жылы ҚазҚСҒЗИ мамандары екі кіреберісті бес қабатты үйді кешенді нығайтуға шамамен 80–90 млн теңге қажет деп есептеген. Құрылыс материалдары мен жұмыс құнының өсуін ескерсек, бүгінде мұндай жоба 130–180 млн теңгеге түсуі мүмкін.
«Аумағы шамамен екі мың шаршы метр болатын үй үшін бұл әр шаршы метрге 65–90 мың теңгеден келеді. Дегенмен нақты сома ғимарат толық тексеріліп, жоба әзірленгеннен кейін ғана белгілі болады», – деп түсіндірді Диляра Сейтнұрова.
Қазақстанда қазір 4,2 мыңға жуық ескі және апатты көппәтерлі үй бар. Олардың тұрғындарын жаңа баспанамен қамтамасыз етуге шамамен 3,2 трлн теңге қажет. Орташа есеппен бір үйге 760 млн теңгеден келеді.
Бірақ бұл соманы бір бес қабатты үйді нығайтуға қажет қаражатпен тікелей салыстыруға болмайды. Жалпыұлттық есепке аумағы әртүрлі үйлер мен тұрғындарды көшіру шығыны кірсе, нығайту құны әр ғимараттың техникалық жағдайына қарай белгіленеді. Дегенмен бұл сандар кей жағдайда үйді сүруден бұрын оны күшейту мүмкіндігін есептеудің маңызды екенін көрсетеді.
«2026 жылдың тамызында Алматыдағы жаңа үйлердің орташа бағасы бір шаршы метріне 739 762 теңге болды. Нарықтағы баға құрылыс құнына немесе бюджет шығынына тең емес. Алайда бұл қалада сүрілген баспананың орнын толтыру қаншалықты қымбатқа түсетінін аңғартады», – дейді сарапшы.
Неліктен инвесторларға үйді сүру тиімді?
Диляра Сейтнұрованың пікірінше, үйлерді нығайтудың кең таралмауына техникалық жағдайдан бөлек, қалыптасқан бизнес-модель де әсер етеді.
Реновация кезінде әкімдік аумақты белгілеп, қажетті инженерлік инфрақұрылымды дайындайды. Инвестор меншік иелерімен келісіп, ескі үйді сүреді де, орнына көлемі үлкен жаңа тұрғын үй салады. Бұрынғы тұрғындарға пәтер берілгеннен кейін қалған баспаналар сатылып, инвестордың шығыны өтеледі.
«Ал сейсмикалық күшейту кезінде сатуға болатын жаңа шаршы метр пайда болмайды. Демек, жеке инвестордың жұмсаған қаражатын қайтару мүмкіндігі жоқ. Негізгі салмақ бюджетке түседі. Бірақ онда сейсмоусиление мектеп, аурухана және басқа да әлеуметтік жобалармен бәсекеге түсіп, көбіне кейінге шегеріледі», – дейді ол.
Қаржыны кім төлеуге тиіс?
Сарапшы сейсмикалық күшейтуді қаржыландырудың үш ықтимал көзін атады: жергілікті бюджет, күрделі жөндеуге жиналған қаражат және пәтер иелерінің ақшасы.
Алайда көп үйдің күрделі жөндеуге жинаған қаражаты шатырды жаңартуға немесе лифтіні ауыстыруға да жеткіліксіз. Егер 130–180 млн теңгенің шығыны 40 пәтерге бөлінсе, әр отбасы үш миллион теңгеден астам қаржы төлеуге тиіс болады. Мұндай соманы тұрғындардың бірден жинауы қиын.
«Алматының 2025–2027 жылдарға арналған сейсмоқауіпсіздік бюджеті 14 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржыға ерте хабарлау станциялары, сиреналар, скрининг және цифрлық реестр де кіреді. Тіпті барлық қаражатты тұрғын үйлерді күшейтуге бағыттаған күннің өзінде, қазіргі сметамен жүзге жуық үйге ғана жетер еді. Ал осал деп танылған үйлер саны екі мыңнан асады», – дейді Сейтнұрова.
Оның пікірінше, тиімді тетіктердің бірі – қала кепілдігімен қайтарымды қаржыландыру жүйесін енгізу. Мұндай жағдайда әкімдік мердігердің жұмысын бастапқыда толық төлейді, ал үй иелері қаражатты 10–15 жыл ішінде бөліп қайтарады. Төлем жасауға жағдайы келмейтін тұрғындарға атаулы қолдау көрсетілуі қажет.
Бұл модель алғашқы кезеңде бюджеттен қомақты қаржы бөлуді талап етеді. Алайда ұзақ мерзімде ол тұрғындарды көшіріп, жаңа үй салудан әлдеқайда арзан болуы мүмкін.
Қазіргі жоспар мәселені неше жылда шешеді?
Алматының сейсмикалық төзімділігін арттыру жоспары бойынша 2035 жылға дейін 51 тұрғын үй нығайтылып, коммуналдық меншіктегі 82 нысан тексерілуі керек. Сарапшы 51 үйдің бұған дейінгі аудиттің екінші кезеңінде сейсмикалық тұрғыдан осал деп танылған үйлер санымен дәл сәйкес келетініне назар аударды.
«Егер жоспарға сол үйлер ғана енсе, он жылдық бағдарлама тек екінші аудиттің нәтижесін қамтиды. Ал алғашқы кезеңде анықталған 2,5 мыңнан астам көпқабатты үйдің тағдыры ашық күйінде қалады», – дейді ол.
Алматының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарында кемінде 200 көппәтерлі үйді, 400-ге жуық әлеуметтік және 150 тіршілікті қамтамасыз ету нысанын күшейту көзделген. Бұл жылына орта есеппен 40 тұрғын үй деген сөз. Диляра Сейтнурованың есебінше, осындай қарқын сақталса, алғашқы аудитте анықталған үйлерді қамтуға 60 жылдан астам уақыт кетеді.
Сонымен қатар 2030 жылға дейін Алматыда 567 үйді реновациялау жоспарланған. Биыл 95 апатты ғимаратты сүру көзделіп отыр. Алайда сүру мен нығайтудың қазіргі қарқынын қосқанның өзінде, мәселе жоспарланған мерзімде толық шешілмейді.
Скрининг нақты шешіммен аяқталуы керек
Сарапшы сейсмоқауіпсіздік жүйесінде өзгерту қажет үш бағытты атады.
Біріншіден, ғимаратты тексеру сейсмопаспорт берумен ғана шектелмеуі қажет. Әр үй бойынша нақты қорытынды, жұмыс сметасы және мерзімі белгіленіп, оны күшейту, сүру немесе бақылауда қалдыру жөнінде шешім қабылдануы тиіс.
Екіншіден, сейсмопаспорт ашық ақпаратқа айналып, жылжымайтын мүлік сату кезінде міндетті түрде ұсынылуы керек. Қазір сатып алушы үйдің есептік жүктемеге төтеп бере алатынын білмей тұрып, баспанаға қомақты ақша төлейді. Егер ғимараттың сейсмикалық жағдайы оның нарықтық бағасына әсер етсе, меншік иелерінің қауіпсіздікке қаржы салуға ынтасы артады.
Үшіншіден, қолданыстағы тұрғын үйлерді сейсмикалық нығайтуға арналған жеке норматив пен сметалық база қажет. Қазір әр ғимараттың жобасы жеке есептелетіндіктен, ескі үйді күшейтуді жобалау жаңа үй салуға қарағанда күрделі әрі ұзаққа созылады.
«Сейсмикалық нығайту көпшілікке көріне бермейтін жұмыс. Оның нәтижесінде жаңа тұрғын үй кешені немесе есепке арналған әдемі нысан пайда болмайды. Күшейтілген үй сырттай бұрынғы қалпында қалады. Бірақ ең маңызды нәтиже бар: ғимарат құламайды, тұрғындар өз үйінде қауіпсіз өмір сүреді. Тоғыз балдық аймақта орналасқан қала үшін осының өзі сейсмикалық күшейтуді басым бағыт деп тануға жеткілікті», – деп қорытындылады Диляра Сейтнұрова.
