Алматы қаласының Наурызбай ауданында орташа жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасып жатыр. Жұмыстардың сапасын қамтамасыз ету мақсатында Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалы тұрақты бақылау жүргізуде, деп хабарлайды Tarazy.kz
Мамандар Бегалиева көшесінде төселген асфальтобетон жабынынан зертханалық сынамалар алып, материалдардың белгіленген талаптарға сәйкестігін тексерді. Сонымен қатар алдағы уақытта Айтбаева көшесінде жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарының сапасына да осындай зертханалық бақылау ұйымдастырылады.
Қазіргі уақытта жол жабыны ұсақ түйіршікті асфальтобетон қоспасымен төселуде. Жөндеу барысында асфальтобетон қоспасын төсеудің технологиялық талаптары мен температуралық режимдерінің сақталуы тұрақты түрде қадағаланып отыр.
Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалының бөлім басшысы Айдар Бейспековтің айтуынша, жолдың беріктігі мен ұзақ мерзімділігі құрылыс технологиясының дұрыс сақталуына тікелей байланысты.
«Жолдың ұзақ жылдар бойы сапалы қызмет етуі құрылыс технологиясының қатаң сақталуына тікелей байланысты. Сондықтан біздің мамандар әр кезеңде бақылау жүргізіп, зертханалық сынамалар арқылы пайдаланылатын материалдардың сапасын тексереді. Бұл – тұрғындарға сапалы әрі қауіпсіз жол инфрақұрылымын қамтамасыз етудің маңызды тетігі», – деді Айдар Бейспеков.
Айта кетейік, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы жүргізетін зертханалық бақылау жол-құрылыс жұмыстарының сапасын арттыруға, анықталған кемшіліктерді дер кезінде түзетуге және пайдалануға берілетін жолдардың нормативтік талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған.
