Қазақстанда QR-код арқылы төлем жасау, телефон нөмірі бойынша ақша аудару, электронды ақшаны және цифрлық теңгені пайдалану қызметтерін қосылған құн салығынан босату мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Tarazy.kz
Қазір төлем карталары арқылы жүргізілетін операцияларға байланысты қызметтер ҚҚС-тан босатылған. Қаржы нарығын реттеушілер бұл жеңілдікті заманауи төлемнің өзге де түрлеріне қолдануды ұсынып отыр.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин жаңа төлем құралдарын дамыту бастамасын қолдады. Алайда тиісті шешім қабылдамас бұрын оның экономикаға ықпалын жан-жақты есептеуді тапсырды.
Енді Қаржы министрлігі, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк аталған ұсынысты қосымша зерделейді. Зерттеу қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар экономикалық есептеулер әзірлеп, заңнамаға өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстарын ұсынуы тиіс.
