АҚШ-тың ірі мұнай компаниялары бірнеше ай бойы Ормуз бұғазының ұзақ уақытқа жабылуы әлемдік жанармай дағдарысына әкелетінін ескертіп келген еді. Енді олардың айтуынша, бұл қауіп шындыққа айнала бастады, деп хабарлайды Tarazy.kz
The Wall Street Journal басылымының жазуынша, әлемдегі коммерциялық жанармай қоры алты айдан астам уақыт бойы азайып келеді. Ал мұнайдың стратегиялық қорларын пайдалану мүмкіндігі де шектелген.
Жағдайды ушықтырған тағы бір фактор – өткен аптада Сауд Арабиясында Ормуз бұғазын айналып өтетін маңызды мұнай құбырының жұмысы тоқтатылғаны. Сарапшылардың бағалауынша, соның салдарынан әлемдік нарыққа тәулігіне кемінде 2,5 миллион баррель мұнайдың жеткізілуі кешеуілдеп отыр.
Chevron компаниясының бас директоры Майк Уорт бұған дейін нарықтағы баға мен жеткізілім тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік берген тетіктердің бүгінде сарқылғанын мәлімдеді.
Басылымның дерегінше, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдер көктемде стратегиялық қорлардан 400 миллион баррель мұнай алуға шешім қабылдаған. Сондықтан қосымша резервтерді пайдалану мүмкіндігі айтарлықтай азайған.
Сонымен қатар соңғы айларда мұнай импортын қысқартып, ішкі қорларына сүйеніп келген Қытай халықаралық жеткізушілерден мұнай сатып алуды қайта ұлғайта бастаған. Бұл әлемдік нарықтағы сұранысты арттырып, мұнай жеткізіліміне қатысты қысымды күшейтуі мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, коммерциялық қорлардың азаюы мен жеткізілімдегі іркілістер жаһандық энергетика нарығындағы тәуекелдерді күшейтіп отыр.
