Қазақстан 2026 жылдың қыркүйек-қазан айларында 2,3 миллион тонна астық пен ұн экспорттады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға көп, деп хабарлайды Tarazy.kz
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, дәстүрлі экспорт нарықтарына астық жеткізу көлемі 1,2 пайызға артқан.
Қазақстан астығына сұраныс бірқатар елде айтарлықтай өскен. Атап айтқанда, Тәжікстанға жеткізілім 19 пайызға артып, 351 мың тоннаға жеткен. Қытайға экспорт 2,6 есе өсіп, 373 мың тоннаны құраған. Ал Ауғанстанға астық жеткізу 1,9 есе артып, 200 мың тоннаға жетті.
Қазақстан бидайының экспорты 15 пайызға өсті
Биыл қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстан 6,1 миллион тонна бидай экспорттаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 5,3 миллион тоннамен салыстырғанда 15 пайызға жоғары. Қазақстан бидайының негізгі сатып алушылары – Өзбекстан, Тәжікстан және Ауғанстан.
Атап айтқанда, Өзбекстанға бидай экспорты 49 пайызға өсіп, 3,8 миллион тоннаға жеткен. Тәжікстанға жеткізілім 13,6 пайызға артып, 1 миллион тоннаны құраған. Ал Ауғанстанға экспорт 3,4 есе өсіп, 663 мың тоннаға жетті. Сонымен қатар қазақстандық бидайдың экспорттық географиясы кеңейіп келеді. Биыл Туниске 23,3 мың тонна, Францияға 6 мың тонна бидай жөнелтілген. Иранға жеткізілім көлемі де артып, 67 мың тоннаға жеткен.
Еуропаға астық жеткізу азайған
Еуростат мәліметінше, Қазақстан Еуропалық одақ елдеріне астық жеткізуді қысқартқан. Ағымдағы маркетингтік жылы Еуропа нарығына 32,7 мың тонна астық экспортталған. Бұл жалпы жеткізілімнің 5,7 пайызына тең. Ал өткен жылы Қазақстан Еуропалық одақ елдеріне 111,97 мың тонна астық жөнелткен. Ол кезде қазақстандық өнімнің үлесі 24,1 пайыз болған.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегінше, Қазақстанның экспорттық әлеуеті 13 миллион тонна астыққа бағаланып отыр. 2026 жылы елімізде 24,3 миллион тонна астық жиналды. Ал 2025-2026 маркетингтік жылы Қазақстан астық эквивалентімен есептегенде 15,5 миллион тонна астық пен ұн экспорттаған.
