Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында бұрын Мәжіліс депутаттығына кандидат болған, «Өзенмұнайгаз» компаниясының белсендісі Мұратбай Жұмағалиев соққыға жығылды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Телеграмдағы мәлімет бойынша, оқиға 28 желтоқсанға қараған түні болған. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, сол күні таңғы сағат 04:10-да Мұратбай Жұмағалиев ауыр хәлде Жаңаөзен қалалық ауруханасына жеткізілген.
Дәрігерлер оған жабық бас-ми жарақаты, мидың шайқалуы, маңдай және бет тұсында екі жақты көптеген сырылу жарақаттары деген алдын ала диагноз қойған. Жағдайының ауырлығына байланысты науқас бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Кейін ол травматология және нейрохирургия бөлімшесіне ауыстырылды. Қазіргі уақытта оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Аталған дерек бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында Мұратбай Жұмағалиевті өз туысы соққыға жыққаны анықталған.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға түнгі уақытта Жаңаөзен қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде ер адам мен оның жиені бірге алкогольдік ішімдік ішіп отырған кезде болған. Тараптар арасында тұрмыстық жанжал туындап, соңы төбелеске ұласқан. Соның салдарынан жәбірленуші түрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген.
Полиция өкілдері алкогольді шамадан тыс тұтыну, агрессия таныту және тұрмыстық дауларды күш қолдану арқылы шешуге тырысудың қоғамға қауіпті екенін атап өтті. Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттер үшін туыстық байланысқа қарамастан, заң аясында жауапкершілік көзделетінін ескертті.
Айта кетейік, Мұратбай Жұмағалиев Жаңаөзен мұнайшыларының наразылық акцияларын бірнеше рет ұйымдастырған белсенді ретінде белгілі. 2023 жылы ол бір мандаттық округ бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидат болып түсіп, сайлауда Еділ Жаңбыршинге жол берген.
