ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының 4-курс курсанты, бокстан Қазақстан Республикасының спорт шебері Бауыржан Әли «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды, деп хабарлайды Tarazy.kz
Марапат жас спортшының отандық спортты дамытуға қосқан үлесі мен бокстағы жетістіктерінің нәтижесі ретінде табысталды.
Бауыржан Әли академиядағы оқуын спорттағы кәсіби дайындығымен қатар алып келеді. Болашақ полиция офицерінің күнделікті тәртібіне саптық және дене дайындығы, академиялық сабақтар, кезекшілік пен басқа да қызметтік міндеттер кіреді. Соған қарамастан, курсант жаттығуларын тұрақты жалғастырып, бокс жарыстарына қатысып келеді.
Спортшының айтуынша, академиядағы қатаң тәртіп пен жоғары жауапкершілік оның спорттық дайындығына да оң әсер етеді.

«Жабық ведомстволық жоғары оқу орнында білім алып, кәсіби бокспен айналысу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Академияда қалыптасқан тәртіп пен жинақылық рингте де өзімді жақсы көрсетуіме көмектеседі. Бұл марапатты бапкерлерімнің, тәлімгерлерімнің және академия ұжымының ортақ еңбегінің нәтижесі деп қабылдаймын», — деді Бауыржан Әли.
Қарағанды академиясының баспасөз қызметі атап өткендей, курсанттың жетістігі оқу мен спортты қатар алып жүрген жастар үшін маңызды үлгі бола алады. Бауыржан Әли алдағы уақытта құқық қорғау саласындағы қызметін спортпен ұштастырып, кәсіби жолын жалғастыруды көздейді.
