Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына сайлануына орай құттықтау жеделхаттары келіп жатыр, — деп хабарлайды Ақорда сайты.
БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш Мемлекет басшысына табыс тілеп, оның жоғары лауазымдағы қызметі Қазақстан халқының ырысы мен бірлігін нығайтуға бағытталатынына сенім білдірді.
«Сізді Біріккен ұлттар ұйымында тәжірибелі де танымал саяси қайраткер ретінде жақсы білеміз. Өзіңізді досымыз деп санаймыз», — деді Гутерриш.
Сұхбат барысында екіжақты ынтымақтастық пен жаһандық Ұйымның күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды.
Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинян Қасым-Жомарт Тоқаевты президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтап, достас Қазақстанның игілігі жолындағы еңбегіне табыс тіледі.
Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің құттықтау жеделхаты келіп түсті.
«Сіздің Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына сайлануыңызға байланысты Үкіметтің және қытай халқының, сондай-ақ, жеке өзімнің атымнан жүрекжарды құттықтауым мен ізгі тілегімді білдіруді абырой санаймын.
Қытай мен Қазақстан тату көрші әрі стратегиялық әріптес саналады. Мен қазақ-қытай қатынастарын тереңдетуге баса мән беремін. Осыған дейінгі мемлекеттер басшыларының эстафетасын қабылдай отырып, екі елдің тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамуы үшін жаңа парақты ашамыз және Сізбен тығыз байланыс орнатамыз деп үміттенемін», — делінген жеделхатта.
Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтап, жоғары мемлекеттік қызметіне табыс тіледі.
Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Алексей Бородавкин Қасым-Жомарт Тоқаевқа кездесуге мүмкіндік бергені үшін ризашылық білдіріп, президент сайлауындағы жеңісіне байланысты Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің құттықтауын жеткізді.
«Мен Сізді дауыс берушілер белсенді қатысқан сайлаудағы айқын жеңісіңізбен құттықтаймын. Бұл – таза жеңіс әрі халықтың Сізді Қазақстан Президенті ретінде таңдауының айқын дәлелі», — деді Ресей елшісі.
Сонымен қатар, Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарын одан әрі тереңдету және екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастығына қатысты мәселелер талқыланды.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке құттықтағаны үшін ризашылық білдіріп, бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты әрі қарқынды ілгерілету жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанған саясатын жалғастыратынын атап өтті.
Мемлекеттер басшылары Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 14-15 сәуірде Өзбекстанға жасаған мемлекеттік сапарының нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтардың тиімді жүзеге асырылуы қазақ-өзбек қарым-қатынастарының дамуына тың серпін беретініне сенімділік білдірді.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы жеңісімен құттықтады.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің одан әрі қарқынды дамитынына сенім білдірді.
Тараптар алдағы кездесулердің кестесін талқылады.
Қырғыз Республикасының президенті Сооронбай Жээнбеков Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті сайлауындағы жеңісімен құттықтады.
Тараптар екі ел халықтарының тату көршілік және достық негіздегі қазақ-қырғыз қатынастарын одан әрі нығайтуға ниетті екенін нақты айтты.
Сонымен қатар, президенттер алдағы кездесулердің кестесін қарастырды.
Черногория Президенті Мило Джуканович Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлаудағы жеңісімен құттықтап, екі ел арасындағы жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді.
«Черногория Қазақстанмен барлық сала бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайта беруге ниетті. Жоғары деңгейдегі саяси диалог екі мемлекеттің қатынастарына тың серпін беретініне сенімдімін. Жуық арада Сізбен кездесеміз деген үміттемін», — делінген жеделхатта.
Палестина мемлекетінің Президенті Махмұд Аббас өзінің құттықтау хатында Қасым-Жомарт Тоқаевты президент сайлауындағы жеңісімен құттықтап, оған Қазақстанды дамыту және өркендету жолында алдына қойған мақсатына қол жеткізу үшін табыс тіледі.
«Сіздің басшылығыңызбен Палестина мен Қазақстанның арасындағы тығыз қатынастар халықтарымыздың мүддесі тұрғысынан нығая түсетініне сенімдімін», — деп жазды Махмұд Аббас.
Мәскеу және бүкіл Русь Патриархы Қазақстан Президентін айқын жеңісімен құттықтап, Қазақстандағы мемлекеттік органдар мен орыс православ шіркеуінің епархиясының арасындағы жемісті өзара іс-қимылдар одан әрі дами түсетініне сенім білдірді.
«Рухани-ағартушылық, әлеуметтік және білім саласындағы ынтымақтастық елде бейбітшілік пен бақуатты өмір қалыптастыруға септігін тигізетініне сенімдімін», — деп атап өткен жеделхат авторы.
БҰҰ Даму бағдарламасының әкімшісі Ахим Штайнер халықаралық ұйымның жұмысы Қазақстанмен жемісті ынтымақтастыққа бағытталғанын атап өткен.
«Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен плюрализм мен адам құқығының әмбебап құндылықтарын қорғай береді деп сенемін. Сізбен және Сіздің Үкіметіңізбен тығыз ынтымақтастыққа бейілдігіміздің өзгермейтініне сенім білдіремін», — деп жазылған жеделхатта.
Оңтүстік Кореяның Президенті Мун Чже Ин құттықтауында екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің нығая түсетініне сенім білдіріп, Мемлекет басшысын Сеулге сапармен келуге шақырды.
«Қос тарапқа қолайлы уақытта Өзіңізбен Сеул қаласында тағы да кездесіп, екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту бойынша жасампаз диалогымызды жалғастыруға дайынмын», — делінген жеделхатта.
Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыс, Қазақстан халқына бақ-береке тілеп, екі елдің көпжақты қарым-қатынастарының тереңдей түсетініне сенім білдірді.
Люксембургтің премьер-министрі Ксавье Беттель Қазақстан Президентіне құрмет білдіріп, табыс тіледі.
«Мен Қазақстан мен Люксембург арасындағы достық қарым-қатынасты дамыту үшін Сізбен ынтымақтастықты жалғастыруға мүмкіндік туғанына қуаныштымын», – делінген жеделхатта.
Литва Республикасының Президенті Даля Грибаускайте өз құттықтау хатында Литва мен Қазақстан арасындағы екі жақты деңгейдегі достық қарым-қатынастар мен өзара диалогты жалғастыруға, сондай-ақ Еуропалық Одақ аясындағы екіжақты қарым-қатынасымыздың қарқыны төмендемейтініне сенім білдіремін. Бұл біздің елдеріміз бен азаматтарымыз үшін мемлекеттеріміздің экономикалық өсімін арттыруға, сондай-ақ біздің халықтарымыздың әл-ауқатын нығайтуға, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге жаңа мүмкіндік ашатынына кәміл сенемін, – деп жазған.
Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян Қасым-Жомарт Тоқаевтың айқын жеңісі Қазақстанның заманауи әрі серпінді мемлекет ретінде одан әрі сенімді дамуының негізі болатынын атап өтті.
«Біздің интеграциялық бірігуіміздің дамуына Сіздің қатысуыңыз Одақтың тұрақты, мақсатшыл жолмен жүруіне және әлемдік экономиканың қозғаушы күшіне айналуына септігін тигізеріне сенімдімін», – деді Тигран Саркисян.
Франция Президенті Эммануэль Макрон Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлануымен құттықтап, табыс тіледі. Сондай-ақ ол алдағы уақытта кездесуге, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың перспективалары мен одан әрі дамыту мәселелерін талқылауға әзір екенін жеткізді.
«Франция арадағы қарым-қатынастардың ілгері дамуына ерекше мүдделі. Біз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев мырзамен Брюссельдегі кездесуімізде ынтымақтастықтың экономикалық саладағы үш басым бағытына тоқталдық. Олар: ауылшаруашылығы және агроөнеркәсіптік кешен, жаңартылатын энергия көздері және цифрлық сала. Мәдениет, білім, лингвистикалық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша қарқынды дамып келеді. Осы бірлескен жұмысымыз Қазақстанның гүлденуіне өз үлесін қосады», — делінген жеделхатта.
Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ құттықтау жеделхатында екі ел арасындағы жоғары байланыстарды атап өткен.
«Алдағы уақытта Сізбен саяси, экономикалық, мәдени және басқа да салалардағы ынтымақтастығымыз бен өзара достық қатынасымызды жалғастыра беруді қалаймын», — деп жазды Синдзо Абэ.
Испанияның Королі Фелипе өзінің құттықтауында Қазақстан Президентімен жақын арада кездесетініне сенім білдірді.
«Біздің мемлекеттерімізді біріктіретін барлық сала бойынша ынтымақтастығымыздың алдағы уақытта да нығая беретініне сенімді болыңыз. Бұл терең байланыстарымыз халықтарымыздың бейбітшілік пен тұрақтылық қағидаттарына деген адалдығына негізделген», — делінген жеделхатта.
Польша Республикасының Президенті Анджей Дуда өзінің құттықтауында Қазақстанды Орталық Азиядағы ең маңызды әріптес ретінде атап өтті.
«Польша-Қазақстан арасындағы байланыстар алдағы жылдары да саяси әрі экономикалық салаларда қарқынды дамуын жалғастыра беретініне үміт артамын. Біздің қарым-қатынастарымыздың әлеуеті жоғары екеніне сенімдімін», — деп атап өтті Анджей Дуда.
Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистё да Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтап, тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін білдірген.
«Қазақстан мен Финляндияның қарым-қатынасы өте жақсы, әсіресе, сауда саласындағы байланыстарға ерекше мән берілген. Біз бұдан әрі қарай да екіжақты және халықаралық күн тәртібінде өзара іс-қимылдарымызды арттыра беруге дайынбыз», — делінген жеделхатта.
Еуропалық комиссия Президенті Жан-Клод Юнкер құттықтау жеделхатында Еурокомиссияның Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайта түсуге бейілді екенін атап өткен.
«Ауқымды әріптестік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету біздің көпқырлы қарым-қатынастарымызды, соның ішінде экономикалық байланыстарымызды одан әрі дамыту үшін платформа болады», — делінген жеделхатта.
Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэйдің Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті лауазымына сайлануымен құттықтаған жеделхаты келіп түсті.
«27 наурыздағы құттықтау хатымда Британ-Қазақстан қатынастарының нығайып келе жатқанын атап өттім. Сол сәттен бастап елдеріміз арасындағы байланыстардың арта түскеніне қуаныштымын», — деп жазған Тереза Мэй.
Біріккен Корольдіктің Министрлер кабинетінің басшысы екіжақты іс-қимылдарды одан әрі дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Сіздің президенттік қызметіңіздің барысында Ұлыбритания мен Қазақстан арасындағы саяси, экономикалық және мәдени салалардағы ынтымақтастықтың жалғаса беретініне, сондай-ақ, елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастардың одан әрі нығая түсетініне сенімдімін», — делінген жеделхатта.
Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті қызметіне кірісуімен құттықтап, ел игілігі жолында табыс тіледі.
Екі елдің басшылары екіжақты қатынастардың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасып, қорғаныс технологиясы саласындағы ынтымақтастық үшін жақсы мүмкіндіктердің бар екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль премьер-министрінің 2016 жылғы Қазақстанға жасаған сапарының табысты болғанына тоқталып, жоғары деңгейдегі байланыстарды жалғастырудың маңыздылығын айтты.
Эстония Республикасының Президенті Керсти Кальюлайд Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Президенті болып сайлауына орай құттықтап, екіжақты қарым-қатынастардың одан әрі дами беретініне сенім білдірген.
«Елдеріміз арасындағы сындарлы және достық қатынастарды алдағы уақытта одан әрі нығайтамыз деп үміттенемін», — делінген жеделхатта.
Бразилия Федеративтік Республикасының Президенті Жаир Болсонару Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған құттықтауында: «Бразилия мен Қазақстан халықтарын берік достық қатынастар мен ынтымақтастық байланыстырады. Біздің соңғы 25 жыл ішінде қалыптастырған серіктестігіміз ортақ құндылықтар мен мақсаттарға негізделген. Халқымыздың игілігіне арналған бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін Өзіңізбен бірге жұмыс істеуге дайынмын», — деп атап өткен.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Томас Гремингер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтай отырып, өзара тиімді ықпалдастықтың одан әрі кеңейе түсетініне сенім білдірген.
«Мен ЕҚЫҰ кеңістігіндегі кешенді қауіпсіздікті ілгерілету барысында Сіздің қолдауыңызға сенемін. Сондай-ақ, біздің әріптестігіміз Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың одан әрі нығая түсуіне септігін тигізетініне үміттенемін», — деп атап өткен Томас Гремингер.
Еуропалық Парламенттің мүшесі Андрей Мамыкин Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған құттықтау хатында Мемлекет басшысының Қазақстанды дамытып, алға қойған ауқымды мақсаттарын іске асыратынына сенімділік танытқан.
«Еуропалық Парламенттің мүшесі ретінде мен Қазақстанның саяси, экономикалық және мәдени мәселелерімен айналысу мәртебесіне ие болдым. Сіздің еліңіздің халықаралық аренадағы даму қарқыны мен белсенділігі жөнінде Еуропаның кең ауқымды аудиториясына үнемі айтып келемін», — деп жазған А.Мамыкин.
Сондай-ақ, құттықтау хаттарын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус, Дүниежүзілік сауда ұйымының Бас директоры Роберто Азеведо, Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның Президенті Клаус Шваб, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының Атқарушы хатшысы Ольга Алгаерова, Қызыл крест халықаралық комитетінің Президенті Петер Маурер, Халықаралық электр байланысы одағының Бас хатшысы Хоулинь Чжао, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры Михаэль Меллер, БҰҰ Бас хатшысының Таяу Шығыс пен Орталық Азиядағы гуманитарлық әріптестік жөніндегі көмекшісі Рашид Халиков, БҰҰ ЭСКАТО-ның атқарушы хатшысы, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Армида Салсиах Алисджабана, БҰҰ Өнеркәсіптік даму ұйымының Бас директоры Ли Юн, БҰҰ сауда және даму жөніндегі конференциясының Бас хатшысы Мухиса Китуйи, БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия жөніндегі өкілі, аймақтық орталықтың Басшысы Наталья Герман, БҰҰ-ның Венадағы бөлімінің Бас директоры Юрий Федотов, Бас директордың орынбасары, Еуропа мен Орталық Азиядағы аймақтық өкілі Владимир Рахманин, Дүниежүзілік туристік ұйымының Бас хатшысы Зураб Пололикашвили жолдады. ЕҚЫҰ аз ұлттар ісі бойынша Жоғары комиссары Ламберто Заньер, Малайзия Королі Сұлтан Абдулла Риятуддин Әл-Мұстафа Биллах, Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Нгуен Фу Чонг, Тайланд Премьер-Министрі, генерал Прают Чан-Оча, Кипр Президенті Никос Анастасиадис, Түрік Республикасының Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, ТМД Дінаралық кеңесінің теңтөрағасы Шейх-уль-ислам Аллахшүкір Паша-заде, Армения Жоғары патриархы және барша армындардың Каталикосы Гарегин ІІ жолдады. Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Бас хатшысының міндетін атқарушы Валерий Семериков, Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Владимир Норов, Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әмреев, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Жалпыға ортақ еңбек федерациясының Бас хатшысы Владимир Щербаков, «Газпром» көпшілік акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алексей Миллер құттықтау жолдады. ТРАСЕКА үкіметаралық комиссиясының тұрақты хатшылығының Бас хатшысы Мирча Чиопрага, Бүкіләлемдік зияткерлік меншік ұйымының Бас директоры Фрэнсис Гарри жолдады.