Жамбыл облысында Тұңғыш Президент туралы көрме ашылды

0

Жамбыл облысында  «Н.НАЗАРБАЕВ: ДӘУІР. ТҰЛҒА. ҚОҒАМ.» көшпелі көрмесі ашылды. Бұл көшпелі көрме Жамбыл облысының 80 жылдық мерекесіне тамаша тарту болды, – деп хабарлайды Tarazy.kz.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен «Н.НАЗАРБАЕВ: ДӘУІР. ТҰЛҒА. ҚОҒАМ.» атты  көшпелі көрменің ашылуына ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов, облыс әкімі Асқар Мырзахметов  және қала тұрғындары мен студенттер қатысты. Өз алғы сөзінде Асқар Исабекұлы іс-шараның мазмұны мен маңыздылығы туралы  айтып өтсе, Әмірхан  Мұратбекұлы Тәуелсіздік жылдарындағы Тараз қаласының дамуындағы Елбасының ерекше рөліне тоқталды.

Бұл көрмеде Тәуелсіз еліміздің қалыптасу тарихындағы Тұңғыш Президенттің рөлі жүйелі және мазмұнды көрсетіледі. Қонақтар Елбасының архив, кітапхана, музей қорларынан алынған бірегей материалдармен танысты. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғарғы мемлекеттік марапаттар жинағымен, мемлекет басшылары мен беделді жазушылардың  қолтаңбасы бар тартулық басылымдар мен Елбасының көп тілде жарық көрген еңбектерін тамашалады.

Көрме төрт бөлімнен тұрады. Алғашқы «Елбасы жолы» бөлімінде Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың өмір кезеңдерінен сыр шертетін жәдігерлер орнатылған. Онда Елбасы жолы рухани жаңғыруға  түрткі болған тарихи оқиғаларды сипаттау  арқылы көрсетіледі.  Ал, «Елбасы феномені» бөлімінде ел тізгінін ұстап, жаһандық  кеңістікке тұрақтылық пен қауіпсіздіктің жаңа идеяларын таратқан  Н.Ә. Назарбаевтың мемлекет құрудағы басты тұжырымдамасы баяндалады. Бұл бөлімде Семей ядролық полигонының жабылуынан бастап, мемлекет астанасының көшірілуіне дейін тарих парағына өшпестей болып жазылған маңызды оқиғалар, батыл шешімдер мен бастамалары арқылы  Елбасы феномені айқын көрініс табады.  Сол сияқты, «Әлем таныған Елбасы» бөлімінде еліміздің сыртқы саясаты, Тұңғыш Президенттің биік беделі мен асқақ абыройы бейнелейтін дүниелер қойылса, «Елбасы мәртебесі – ел мәртебесі» бөлімінде көпшілік назарына Елбасы мен Қазақстан халқына жаһандық даму мен тұрақтылыққа қосқан үлесі үшін табыс етілген жоғары мемлекеттік марапаттар ұсынылған.

Айта кетейік, 2017 жылғы қарашадан бастау алған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрме жобасын Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының 900 мыңға жуық тұрғыны тамашалап үлгерді. Ірі ғылыми білім беру, мәдени-ағартушылық іс-шаралардан құралған жоба шалғай аудандарды да қамтуды мақсат тұтқан. Соған орай бұған дейін жобаның  өңіріміздегі Шу және Қордай аудандарында экскурсиялары ұйымдастырылған. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасының өзге де шаралары  өңірімізде жалғасуда.

Тараз тұрғындары мен қонақтары «Н. Назарбаев: Дәуір, тұлға, қоғам» көрмесін қазан айының соңына дейін тамашалай алады.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.