Қамқорлыққа ғана қарап отырған жоқ

0

Бүгінде көпбалалы аналардың мәселелері күн тәртібіндегі күрмеулі мәселелердің біріне айналған. Атаулы әлеуметтік көмек пен ай сайынғы жәрдемақылар, баспанаға қол жеткізу бағытында әзірленген төмен пайызды несиелер, барлығы да Үкімет тарапынан ақжаулықты аналардың игілігі үшін жолға қойылып отыр. Осындай қолдауға ие болып отырғандардың қатарында жеті баланың анасы Ардақ Жантаеваның жанұясы бар. М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-да аға оқытушы болып жұмыс істейтін Ардақ Мықтыбекқызының шаңырағы биыл «Мерейлі отбасы» байқауында бақ сынап, жеңімпаз атанған. Бүгінде 6 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған «Алтын алқа» иегерінің тұңғышы Дана Абдықұл 18 жаста. Ол Жамбыл экономика және ақпараттық технологиялар колледжін тәмамдап, бүгінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өз ортасында көшбасшылық қырларымен танылып жүр. Дананың өзге бауырлары да ата-ана абыройын асқақтататын, болашағынан зор үміт күттіретін азаматтар болып өсіп келеді. Ал Ардақ Жантаеваның жұбайы Ғалымжан Қалымбетов бүгінде жеке меншік фирмада қызмет етіп, балаларының болашағы үшін тер төгуде. Ардақ Мықтыбекқызының айтуынша, ел ырысын арттырып отырған көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектің көлемі ауқымды. Атап айтқанда, мектепте оқитын балалары тегін тамақ ішеді, түрлі лагерьлерге жолдаманы жеңілдікпен алады.

– Мемлекеттен әр балаға ай сайын 21 мың теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек аламын. Талап бойынша жұмыспен қамту орталығы жанұямыздың жан басына шаққандағы кіріс көлемін есептеп, осындай қолдауға лайық деп тапты. Табыс көзінің төмен болуына байланысты ұсынылған бұл көмек біздің тұрмыстық жағдайымызға оң әсерін тигізіп отыр. Балаларым мектепте ыстық тамақты тегін ішеді. Үйірмелерге де тегін бару қарастырылған. Мектепте жаңа оқу жылы басталған тұста тегін киіммен қамтамасыз ету жайы да жолға қойылыпты. Оқу жабдықтарын да тегін алдық, – дейді «Алтын алқа» иегері.

26 маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың банк алдындағы берешегіне қатысты Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл көмек 500 мыңға жуық қазақстандыққа көрсетілгені белгілі болған еді. Міне, осындай жеңілдікке ие болғандардың қатарында Ардақ Жантаева да бар.

– «Қалауын тапса қар жанатынын» жанұямызбен жадымызға түйіп өстік. Әсілінде, әрекет еткен адамға ырыс-несібе өзі келеді. Баспаналы болуды арман еткен отбасылар үшін төмен пайызбен несиелер беріліп жатыр. Ал кәсіп жасап, нәсіп табамын дегендер үшін арнайы оқыту курстарын, «Даму» қоры мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы түрлі гранттарды ұсынып келеді. Зерделеп қарасақ, айналамызда еңсемізді тіктеп, әлеуметтік тұрмыс жағдайымызды түзеу үшін мүмкіндіктер жетіп артылады. Болашақта балаларымның жоғары білім алуына да көп алаңдамаймын. Баршамыз биыл көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға 5000 оқу гранты бөлінгеніне куә болып, ризашылық білдірдік. Еліміздегі әр шаңырақтың иесі өз баласының келешегіне ең бірінші кезекте мемлекет емес, ата-ананың өзі жауапты екенін түсініп, қабылдап, әрекет етуі тиіс, – дейді Ардақ Жантаева.

Бала – болашағымыз. Оның ертеңінің жарқын болуын ең бірінші кезекте ана мен әке қамтамасыз етуі тиіс. Бұл ретте мемлекет ұсынып отырған көмектің де көлемді екенін жасыра алмаймыз. Еңбек ет, кәсіп қыл, сүйікті ісіңмен айналыс. Ақиқатында, барлық қордаланған мәселелердің шешімі – осы. Осыны дүйім ел ұқса тек.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.