«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» (JOLSAPA) Жапонияның Aero Toyota Corporation компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар Қазақстандағы автомобиль жолдарын диагностикалау мен мониторингтеуде заманауи цифрлық технологияларды қолдану мүмкіндігін қарастырады, деп хабарлайды Tarazy.kz
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі – Mobile Mapping System (MMS) мобильді картографиялау жүйесін Ұлттық орталықтың жұмысына енгізу мүмкіндігін зерделеу. Бұл бағытта жапондық компания Орталыққа консультациялық қолдау көрсетіп, жүйені қолданудың әдіснамасы мен техникалық талаптары бойынша ұсыныстар әзірлейді.
Бірлескен жұмыс аясында тараптар қажетті ақпаратпен алмасып, консультациялар өткізеді. Қажет болған жағдайда MMS жүйесінің мүмкіндіктері таныстырылады. Сондай-ақ жол инфрақұрылымын зерттеу мен цифрландыру саласындағы озық халықаралық тәжірибелер қарастырылады.
Консультациялық жұмыстар аяқталған соң Aero Toyota Corporation жүйені қолдану әдіснамасы мен техникалық сипаттамалары қамтылған толық есеп ұсынады. Бұл құжат MMS технологиясын Қазақстанда қолдану және оны Ұлттық орталықтың қызметіне енгізу мүмкіндіктерін бағалауға негіз болады.
Бұдан бөлек, тараптар жол-құрылыс материалдарының сапасын арттыру, автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп-ұстау мәдениетін жетілдіру бағытында да ынтымақтастық орнатуды көздейді.
Алдағы уақытта жолдарды мониторингтеу, диагностикалау және паспорттау үдерістеріне цифрлық технологияларды енгізу, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне басымдық берілмек.
