Меркіде «Ұлт руханияты: Отбасы. Еңбек. Тәрбие» атты форум өтті

0

Меркі аудандық мәдениет үйінде «Ұлт руханияты: Отбасы. Еңбек. Тәрбие» атты аудандық форум өтті.

Бірінші кезекте форумға қатысушылар тарапынан кәсіпкерлердің қолынан әзірленген көрме ұйымдастырылды. Көрмені Аудан әкімі Руслан Нұрсипатов арнайы тамашалап, кәсіпкерлерге қосымша көмек қажет жағдайда көрсетуді Жұмыспен қамту орталығының басшысына тапсырды.

Көрмеде ұлттық тағамдар, қазақтың ою-өрнегімен өрнектелген көрпелер, аңшылық пен саятшылыққа, көкпар ойынына арналған ат ерлері мен қамшы, қайыстар көрсетілді. Сонымен қатар ескірген үй жиһазадарын қайта жаңартып, қолдануға жарамды, жаңа күйіне қайта келтіру цехын ашқан кәсіпкердің де қолдан жасалған қолөнері көздің жауын алды.

Аудан басшысы Руслан Маратұлы Нұрсипатов форумда сөз сөйледі.

«Биылғы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының қарсаңында біз өткенді таразылап, бүгінімізді бағалап, ертеңгі күнге үлкен жоспарлармен қадам басуымыз қажет. Тәуелсіздік баға жетпес құндылығын ұлтымыздың руханиятын аға буын өкілдері болып, өмірлік өсиетімен, еселі еңбегімен, ісімен үлгі болып,ақыл-кеңес беру арқылы жас ұрпаққа жеткізу парызымыз. Осы ретте бақытты отбасы институтын дамытып, үйдегі бала тәрбиесіндегі әке мен ананың рөлін айшықтап, ұлттық құндылықтар мен қолөнерді мұра етіп жалғастырып келе жатқан шеберлер мен кәсібін енді бастаған жастардың басын бір ортаға қостық.

Осылайша ұлттық қолөнер мен еңбек арқылы тәрбие беруді көпшілікке насихаттау мақсатында осы форумында Сіздермен бас қосып отырмыз. Бүгінгі шарада темірден түйін түйіп, ағаштан ою оятын шеберлер, ұлттық қолөнермен айналысып, тігін тігіп, ас дайындап жүрген әйелдердің көрмесін арнайы ұсындық. Олардың еңбегі көпке үлгі болсын, өзара тәжірибе алмассын, еңбек етсін, ұлттық қолөнерді дамытсын деген мақсатпен жасалынған. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, Орта осындай кәсіпкерлерімізге тола берсін», -деді аудан басшысы.

Әрмен қарай кәсіпкерлерді Алғыс хаттармен марапаттап, гүл шоқтарын табыстады.

Келесі кезекте, Меркі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Иманалиев Қамбар ақсақал сөз сөйлеп, өз сөзінде «Құрметті Меркі ауданының жақсылары мен жайсаңдары. Бүгінгі тәлім мен тәрбиесі мол шарада сый мен құрметке бөленген ауданымыздың қолөнер шеберлері ұлттық дәстүрімізді дамытып отырған азаматтар мен азаматшаларды шын жүректен құттықтаймын. Осындай іс-шара ұйымдастырғаны үшін аудан басшылығына алғысым шексіз. Ауданымыздың атын тағы да бір жақсы жағынан танытып, қолөнершілердің ауданы деген атқа ие болайық. Істерің игілікті, жемісті болсын,-деді.

Сөз кезегі Меркі ауданының құрметті азаматы, көпбалалы ана Қайнаргүл Тәттіқұловаға берілді. Сөз барысында Қайнаргүл Тәттіқұлова жастарды бірлікке шақырып, қыздардың тәрбиесі туралы тоқталып өтті. Сондай-ақ мемлекеттік сыйақыны жеңіп алғандар жеке кәсіппен айналысып, кәсібін дөңгелетіп отырғанын айтып өтті.

Сонымен қатар «Бақытты отбасы» орталығының жетекшісі Райкүл Сапарғалиева өз сөзінде «Көнеден жалғасып келе жатқан рухани құндылықтың бірі – отбасы. Ал, тәрбиенің алтын діңгегі – отан»,дей келе, ауданда ашылған «Бақытты отбасы» орталығы өз жұмысына тоқталып өтті.«Орталықтың мақсаты әлеуметтік осал отбасылардың өмір сүру сапасын жоғарылату, экономикалық тәуелсіздігін нығайту және оларға жан-жақты көмек көрсету. Сонымен қатар жомарттықтың негізгі өзегі – қайырымдылық. Соған орай аудан әкімінің қолдауымен «Жомарт жүрек» қайырымдылық қоры өз жұмысын бастады,- деп сөзін аяқтады.

Сондай-ақ Жеке кәсіпкерлер Шопабекова Жайнагул, Айда Жәнібекқызы, еңбек етіп, мемлекет тарапынан беріліп жатқан грант, кредиттерді алып өз кәсіптерін бастаған азаматшалар да қыз келіншектерді кәсіппен айналысуға шақырып, ізгі-тілектері мен алғыстарын білдірді.

Іс-шара барлық карантиндік талаптарға сай ұйымдастырылды.
Салтанатты іс-шара аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының мерекелік бағдарламасымен жалғасты.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.