Нұржан Нұржігітов таластықтардың талап-тілегін тыңдады

0

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Талас ауданының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізді.

Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.

Аймақ басшысы алдымен Тамды ауылдық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесті.

Кездесуде Тамды ауылдық округінің әкімі Рауан Асқаров жыл басынан бері ауылда іске асқан ілкімді жобалар жайында, ауылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндады.

Бұдан соң тұрғындар аймақ басшысына ауылда қордаланған мәселелерді шешу бойынша өтініштерін жеткізді. Ауылдықтарды негізінен су каналын жөндеуден өткізу, күрес залы мен балабақша салу, жол жөндеу мәселелері алаңдататыны белгілі болды.

Облыс әкімі барлық сұрақтарға жауап бере отырып, мәселелерді шешу бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен орындалатынын баса айтты.

–Әр отбасының тұрақты табысы болуы шарт. Ол үшін ауылдықтар мейлінше мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын сезінуі тиіс. Мысалы ауданда 85 шаруа қожалығы болса, соның 12-сі ғана субсидия алып отыр. Осындайда неге шаруалардың 50 пайызы субсидияның мүмкіндігін заң жүзінде барынша пайдаланбайды деген сауал туады. Сол секілді кәсіпкерлік саласында да жеңілдіктер жетерлік,–деді Нұржан Нұржігітов.

Бұл күні облыс әкімі Қаратау қаласындағы Балалар өнер мектебінде қала халқымен кездесті. Мұнда да алдымен қала әкімі Дархан Байбетов атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді.

Жиында қала тұрғындары көгілдір отын, саяжайларға ауыз су тарту, көпқабатты үйлерді жөндеуден өткізу, қоқыстарды тазалау туралы мәселелерді көтерді.

Басқосулар қорытындысымен көтерілген мәселелерді шешу бойынша жұмыстар жүргізу үшін облыс әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Кездесулерден соң облыс әкімі жергілікті азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдаулар өткізді.

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.