Депутат Бақытжан Базарбек заңсыз берілген жер телімдеріне қатысты басталған тексерістерді тоқтатуға және қысым көрсетуге талпынып жүргендерге қатаң ескерту жасады. Бұл туралы ол өзінің ресми мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды Tarazy.kz
Базарбектің айтуынша, тексерістерге “жоғарыдан телефон соғу”, жеке өтініштер немесе шағым жазумен әсер етуге тырысатындар өз жағдайларын ушықтыра түседі.
“Егер біреу маған қысым көрсетіп, тексерістерді тоқтата аламын деп ойласа, бұл бос әурешілік әрі өте қауіпті. Тәжірибе көрсеткендей, жұмысымa кедергі келтіруге тырысқандардың жағдайы тек нашарлай түседі. Мұндай ниетпен маған жоламауды ескертемін”, – деді депутат.
Оның сөзінше, 2025 жылдың мамыр айынан бері ол Бас прокуратураға бірнеше рет ресми өтініш жолдап, КУЗР МСХ мен МВРИ-мен бірлесіп 14 ірі тексеріс бастаған.
“Олардың қатарында:
• Ақши ауылындағы 352 коммерциялық жер телімі, 151-інде заңбұзушылық анықталды, қалғандары бойынша тексеріс жалғасуда;
• Сарқанд ауданындағы 10 000 гектар ауыл шаруашылығы жері бойынша сотқа талап-арыздар берілді;
• Қапшағай жағалауындағы 82 коммерциялық учаске – 51-і бойынша бұзушылық расталды, сотқа дайындық жүргізілуде;
• Қарасай ауданындағы жалған құжаттар арқылы бөлінген ауылшаруашылық жерлері, қылмыстық іс қозғалды;
• Алматының тау бөкткерінде заңсыз үй салу және сайларды көму фактілері – шамамен 100 учаске тексерілуде, заңбұзушылықтар анықталуда”, — дейді ол.
Бақытжан Базарбек барлық бастаманы Бас прокуратура мен өзінің жеке бақылауында екенін атап өтті.
“Әр учаскенің артында “таныстар” мен ықпалды адамдар тұрғаны белгілі. Бірақ бұл ешкімді жауапкершіліктен құтқара алмайды. Заңсыз берілген жерлерді мемлекетке қайтарамыз. Су қорғау аймақтары, тау бөктері, қорғалатын аумақтарда салынған заңсыз құрылыс түгел сүріледі”, – деді ол.
Сондай-ақ депутат құжаттарға заңсыз қол қойған мемлекеттік қызметкерлер де міндетті түрде жауапқа тартылатынын жеткізді.
“Егер бүгін болмаса, ертең. Ертең болмаса, заң мүмкіндік берген күні бәрібір келеміз. Әрқайсына. Мүмкіндіктеріміз де, еркіміз де жеткілікті. Бұл – бастамасы ғана», – деді депутат.
Депутаттың мәлімдемесі жер саласындағы заңсыздықтарды түбегейлі жоюға бағытталған қатаң ұстанымын көрсетеді.
