Алматыда Розыбакиев көшесін ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов есіміне ауыстыру туралы бастама аясында жарияланған видео қоғамда үлкен наразылық тудырды. Әлеуметтік желіде тараған жазбада блогер бұл ұсынысқа қарсы шығып, пікірін дөрекі түрде жеткізген. Осы жағдайға байланысты заңгер әрі қоғам белсендісі Мейірман Шөкеев мәлімдеме жасап, мұндай сөздерге құқықтық тұрғыда баға берілуі тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Видео авторы өз сөзінде көше атауын өзгерту бастамасын сынап, Мұхтар Шахановқа қатысты теріс пікір білдірген.
«Алматыда Розыбакиев көшесінің атауын өзгерту туралы петиция беріпті. Қандай да бір адамның атына ауыстырмақ, тіпті оның атын атаудың өзі қорқынышты. Ол – Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды ақтаған ревизионист. Бұл не сұмдық өзі?», — деген «мамбетадор» парақшасының иесі.
Заңгер Мейірман Шөкеев бұл мәлімдемені ұлттық намысқа тиетін әрекет ретінде бағалады.
«Құрметті достар, бұл бейнежазбаны маған көпшілік жіберіп жатыр. Аталған видеода “Мамбетааддор” парақшасының иесі ұлттық құндылықтарға тіл тигізген. Мұхтар Шаханов – елге еңбегі сіңген тұлға. Сондықтан мұндай әрекетке жол беруге болмайды. Айтылған сөздер ұлттың намысына тиеді. Себебі Желтоқсан оқиғасы кейіннен құқықтық бағасын алған тарихи кезең», — деді ол.
Сондай-ақ қоғам белсендісі аталған видеоға байланысты Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 174-бабы бойынша арыз түсіретінін мәлімдеді.
«Бейжай қарамайық. Мен бұл бейнежазба бойынша өз атымнан арыз түсіремін. Сіздерді де заң аясында әрекет етуге шақырамын. Мұндай араздықты қоздыратын әрекеттерге жол бермеуіміз керек. Кеше бұл мәселе маған да көрсетілді, алайда іссапарда болғандықтан, қолым тимеді. Енді аталған бап белгілері бар деген негізбен арыз түсіремін. Ешкімнің қаралауына жол бермейі», – деп қосты Шөкеев.
Қазіргі уақытта бұл жағдайға қатысты ресми органдар тарапынан нақты түсініктеме берілген жоқ.
