Туған жерге туыңды тігу, білім алған мектебіңді ұмытпау — елдік пен азаматтықтың белгісі. Осындай өнегелі істің жарқын үлгісін Қазақстан Республикасының «Құрметті жолшысы», техника ғылымдарының кандидаты, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы Алматы қалалық филиалының қызметкері Қалижан Серікұлы Құлманов көрсетті, деп хабарлайды Tarazy.kz
1985 жылы Түркістан облысы Созақ ауданы Бақырлы ауылындағы Иван Васильевич Панфилов атындағы мектепті тәмамдаған түлек биыл туған жеріне арнайы барып, өзі білім алған қара шаңырақта жас ұрпақпен тағылымды кездесу өткізді. Кездесуге мектеп оқушылары, бітіруші сынып түлектері, ұстаздар қауымы мен ауыл ақсақалдары қатысты.
Көп жылын автомобиль жолдары саласына арнаған маман жастарға еліміздегі жол саласының қыр-сыры, инженерлік мамандықтың жауапкершілігі мен маңызы туралы кеңінен әңгімеледі. Әсіресе, білім мен тәрбиенің адам өміріндегі орнына тоқталып, жас буынға «ең үлкен байлық — білім мен адал еңбек» екенін жеткізді.
Кездесудің ең әсерлі сәттерінің бірі — Қалижан Серікұлының мектеп кітапханасына өзінің жеке қорынан 12 томдық «Қазақ совет энциклопедиясын» сыйға тартуы болды. Бұл — тек кітап қана емес, ұлттық ғылым мен мәдениеттің, тарих пен танымның мол мұрасы. Құнды басылым енді ауыл балаларының білім көкжиегін кеңейтуге қызмет етпек.
Мұндай рухани тарту — өскелең ұрпаққа жасалған үлкен қамқорлық әрі тағылымды тәрбие. Себебі кітапқа құрмет — білімге құрмет, ал білімге ұмтылған елдің болашағы әрдайым нұрлы болмақ.
Мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындары қадірлі түлекке алғыстарын айтып, ақ баталарын берді. Ардагер ұстаздар шәкіртінің елге сыйлы азамат атанып, туған мектебіне жанашырлық танытып жүргенін ерекше мақтанышпен атап өтті.
Туған мектепке тағзым жасап, кейінгі буынға үлгі болу — нағыз азаматтықтың көрінісі. Қалижан Құлмановтың бұл игі ісі жас ұрпақтың жүрегіне отаншылдық пен білімге деген құрмет сезімін ұялатары сөзсіз.
