Алматыда блогер әрі кәсіпкер Сауле Ермаханова пластикалық операциядан кейін қайтыс болды. Қайғылы жағдай туралы марқұмның қызы әлеуметтік желіде мәлімдеді, деп хабарлайды Tarazy.kz
Туыстарының айтуынша, 15 мамыр күні Сауле Ермаханова жеке клиникаға жоспарлы липосакция жасатуға барған. Дәрігерлер ота жергілікті анестезиямен өтіп, шамамен бір жарым сағатқа созылатынын айтқан. Алайда операция бірнеше сағатқа жалғасқан.
Марқұмның қызының сөзінше, туыстарына ұзақ уақыт бойы ешқандай ақпарат берілмеген.
«Бір сағат. Бір жарым. Екі. Үш. Сұрақтарға жауап бермеді. Тек үнсіз отырды», – деп жазды ол.
Оның айтуынша, анасының қайтыс болғанын отбасы тек кешкі сағат 18:00 шамасында білген. Ал жедел жәрдем клиникаға тек 19:00-де келген. Туыстары операция бөлмесінде нақты не болғанын және әйелді құтқару үшін қандай шаралар жасалғанын әлі күнге дейін түсінбей отырғандарын айтты.
Марқұмның жақындары клиниканың жаңа клиенттерді қабылдауды тоқтатпағанына да наразылық білдірген. Қызының айтуынша, отбасының таныстары өздерін клиент ретінде таныстырып, клиникаға хабарласқан. Сол кезде оларға келесі аптаға операцияға жазылу ұсынылған.
Қазір туыстарының мәліметінше, қылмыстық іс қозғалған. Отбасы жағдайдың әділ тергелуін және барлық мән-жай анықталғанға дейін клиника жұмысын уақытша тоқтатуды талап етіп отыр.
Алматы қалалық полиция департаменті Бостандық ауданы полиция басқармасы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғағанын растады. Полиция мәліметінше, қазір сотқа дейінгі тергеу аясында барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Сотқа дейінгі тергеу барысында қажетті тергеу іс-шараларының кешені жүргізілуде. Оның нәтижесі бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады Алматы полиция департаменті.
