Өкінішке қарай, бүгінгі таңда Жамбыл облысында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 119 дерегі тіркеліп отыр, — деп хабарлайды Tarazy.kz тілшісі.
Өңірдегі медицина саласының мамандары қауіпті індетпен мейлінше күресуде. Осы уақытқа дейін облыста біраз азаматтар ауруынан айығып, аман-есен отбасыларына оралуда. Жамбыл облыстық әкімдігінің мәліметінше, соңғы уақыттарда өңірде 45, 50 және 75 жастағы үш әйел азаматы емделіп шыққан.
Үш тұрғын да коронавирус індетін жұқтырған науқастарға арналған стационарға 14 сәуір күні әртүрлі жағдайлармен түскен. 75 жастағы Қордай ауданының тұрғыны қауіпті инфекцияны туысының жаназасында жұқтырған болып шықты. Ал, 50 жастағы екінші емделуші науқаспен байланыста болған кезде инфекция жұқтырып алған.
Сонымен қатар, 45 жастағы үшінші адам Ресей мемлекетінен келген науқас күйеуімен қарым-қатынаста болғандығы үшін ауруханаға жатқызылған болатын. Стационардан емделіп шыққан олар алдағы екі апта бойы дәрігерлердің бақылауындағы үй карантинінде болады. Бүгінде Жамбыл облысы бойынша коронавирус індетінен емделгендердің саны 46 адамға жетіп отыр.
Атап айтқанда, облыс орталығында екі жаңа жағдай анықталды. 1981 жылы туған ер адам және 1986 жылы туған әйел бұған дейін ауырғандармен байланыста болып, жұқтырып алған.
Жамбыл және Байзақ аудандарында бір-бір жағдайдан тіркелді. Науқастардың бірі 39 жастағы ер адам болса, екіншісі 5 жасар бала. Олар да жақын байланыста болған тұлғалар болып табылады.
Сондай-ақ, Атырау облысы Теңіз вахталық кентінің келген қызметкерлер арасында тоғыз оқиға анықталды.
Белгіленген алгоритмге сәйкес олар облысқа келгеннен соң карантиндік стационарға оқшауланған.
Зертханалық талдау нәтижелері бойынша COVID-2019 диагнозы қойылды. Барлық науқастар инфекциялық стационарға орналастырылды, онда қажетті ем шараларын қабылдайтын болады. Байланыста болған тұлғаларды анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде, ошақтарда эпидемияға қарсы іс-шаралар атқарылды.
Ағымдағы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Жамбыл облысының аумағында коронавирустық инфекцияның 132 жағдайы тіркелді.Оның ішінде Тараз қаласында — 58, Байзақ ауданында – 6, Жамбыл ауданында – 5, Қордай ауданында — 36, Меркі ауданында — 3, Мойынқұм және Шу аудандарында – бір-бірден.
Сондай-ақ, Дели — Тараз рейсі жолаушылары арасынан алты оқиға, Теңіз вахталық кентінен келген жұмысшылар арасынан 16 оқиға анықталған.
Індет жұқтырғандардың ішінен 46 адам емделіп, дәрігерлердің бақылауындағы үй карантиніне шығарылды.