Украина Каспий құбыр консорциумының терминалы арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдаған танкерлерге жасалған шабуылдарға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Бұл туралы Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко The Times of Central Asia басылымына берген пікірінде айтты, деп хабарлайды Tarazy.kz
«Қазіргі уақытта бұл шабуылдарды Украина тарапы жасады дегенді дәлелдейтін ешбір дерек жоқ. Сондықтан Украинаға тікелей немесе жанама түрде асығыс әрі негізсіз айып тағудан бас тартуға шақырамын», – деді Виктор Майко.
Елші Украина билігі халықаралық серіктестеріне бұған дейін украиналық дрондар пайдаланылуы мүмкін ресейлік арандатулар туралы ескерткенін де атап өтті. Оның айтуынша, Ресейдің радиоэлектрондық күрес жүйелері украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттарын ұстап алып, олардың бағытын өзгерте алады. Осыған байланысты Киев мұндай арандату болуы ықтимал деген нұсқаны мұқият тексеру қажет деп санайды.
Майко Украина Қарулы күштері азаматтық нысандарға, соның ішінде Ресей аумағындағы бейбіт инфрақұрылымға соққы жасамайтынын айтты. Оның сөзінше, Украина үшін заңды нысана ретінде тек әскери объектілер мен Ресейдің әскери іс-қимылдарын қамтамасыз ететін инфрақұрылым қарастырылады.
«Қазақстан, оның азаматтары, инфрақұрылымы мен экономикалық мүдделері Украина тарапынан ешқашан әскери нысана ретінде қарастырылған емес және қарастырылмайды. Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына немесе Қазақстан Республикасының басқа да экономикалық және энергетикалық нысандарына жасалған кез келген шабуыл Украинаның мүддесіне сай келмейді», – деді дипломат.
Ол сондай-ақ Украинаның Қазақстанды достас мемлекет әрі Орталық Азиядағы маңызды серіктес ретінде бағалайтынын жеткізді. Елші екі ел арасындағы қарым-қатынас өзара құрмет пен сындарлы диалог негізінде одан әрі дами беретініне сенім білдірді.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі КТК инфрақұрылымы арқылы мұнай тасымалдаған азаматтық кемелерге дрондармен жасалған шабуылдарды елдің экономикалық мүдделеріне нұқсан келтіру деп бағалаған еді. Ведомство келтірілген залалды есептеп, халықаралық құқық нормаларына сәйкес өтемақы талап ету құқығын өзінде қалдыратынын мәлімдеген.
Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа шығарудың негізгі бағыты. Елдің мұнай экспортының 80 пайыздан астамы осы жүйе арқылы тасымалданады. Ұзындығы шамамен 1,5 мың шақырым болатын құбыр Батыс Қазақстандағы кен орындарын Қара теңіз жағалауындағы теңіз терминалымен байланыстырады. Мұнай осы жерден танкерлерге тиеледі. Консорциум акционерлерінің қатарында Қазақстан, Ресей, америкалық Chevron компаниясы және өзге де халықаралық мұнай-газ корпорациялары бар.
