Тәуелсіздік алғалы бергі 30 жылға жуық уақытта еліміздің қаржы жүйесі қалыптасқанымен, тұрғындардың қаржылық сауаты артып кете қоймады. Бастапқыда көпшілігі нарықтық талаптарды түсіне алмады. Себебі посткеңестік елдерде «жеке меншік» ұғымының өзі санаға жат саналатын. Құлаққа түрпідей тиетін. 80 жылдай «ортақ мүлік», «ортақ қазына» деген солақай идеология халықтың бойындағы кәсіпке бейім қабілетті жойды. Қазіргі тілмен айтқанда, төскейге төрт түлігін өрбітіп, айналасындағыларды да жұмыспен қамтып отырғандарды «малшы», «жалшы» ұстады деп айыптаған соң, бара-бара «Ақша ең маңызды мәселе емес» деген қағида қалыптасты. Әйтпесе, «Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» дейтін қазақ жалдамалы еңбекті қызмет көрсетудің бір саласы деп қарағаны анық.
Жалпы қаржы жүйесінің теориялық сипаттамасы былай: Мемлекет пен кәсіпорындардың орталықтандырылған және орталықтандырылмаған ақша қорларын құру және пайдалану процесіндегі қаржы қатынастарының оқшауланған, бірақ өзара байланысқан түрлі салаларын біріктіретін қаржы органдарының жиынтығы. Олар, яғни қаржы мекемелері елдегі макро және микроэкономиканың қаржы жүйесін реттеп отырады, ұлттық шаруашылықты қаржыландыру мен несиелеуге байланысты бөлуді жүзеге асырады. Жалпақ тілмен айтқанда, ақша айналымы. Оның тіршіліктегі теңеуі – судың табиғаттағы айналымы сияқты. Судың сұйық, бу, қатты түрге ауысып отыратыны секілді қаржы да, түрлі салық төлемдері арқылы жинақталып, жалақы, жәрдемақы, зейнетақы түрінде халыққа қайта беріледі.
Ұлттық шаруашылықты қаржыландыру дегеннен шығады. Оның негізі – жекелеген шаруа қожалықтар мен кәсіпорындар десек, арғы жағында жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған шаруалар тұр. Міне, барлық мәселе осы жерде. Мемлекеттің қаржы жүйесі нарықтық қатынастарға қарай қалыптасқан. Ал ұлттық шаруашылықты қаржыландыру, яғни, қолдау түрі – несилеу. Ендеше, елдің экономикалық саясаты – жекелеген азаматтарды қаржыландырудың тиімді жүйесіне бағытталуы керек.
Жалпы, елдің экономикалық саясаты неге негізделуі керек? Экономист, республикалық «Байтақ болашақ» экоальянсының төрағасы, жамбылдық Азаматхан Әміртай осы сауалдың жауабын әріден іздейді.
– Экономиканы қозғаушы күштің бірі – бизнес. Бізде бизнеске еркіндік жетіспей жатыр. Саясат, экономика, әлеуметтік жағдай дұрысталмайынша, мемлекет дамымайды. Алдымен саяси жүйе жаңғыруы тиіс. Таза, адал, әділ заң баршаға бірдей болғанда, экономика алға басады. Кәсіпкерлікті өркендету үшін азаматтарға жағдай жасалуы қажет. Мысалы Түркияда қарапайым тұрғын кәсіп ашамын десе, жергілікті билік өкілдері келіп, «сізге не қажет, біз қандай қолдау көрсете аламыз» деп сұрайды. Біз де осылай істеуіміз керек.
Қолдау дегеннен шығады. Оны екіге – материалдық, моральдық деп бөлсек, ауыл тұрғындарына алдымен керегі – екіншісі. Қысқасы, елге жеңілдетілген несие, әлеуметтік қолдау пакетінен бұрын, идеологиялық тұрғыда үлкен көмек қажет. Өмірге деген құлшынысын арттыратын, мотивация керек! Адам қай кезде ешнәрсе істегісі келмейді. Тауы шағылғанда, әділетсіздікке тап болғанда. Мәселен бір отбасы баласын балабақшаға беру үшін таныс іздеуге мәжбүр болса, келінін мектепке жұмысқа орналастыруға пара берсе, оның ертеңге деген сенімі азаяды. Қазір ауылдағы ағайынды қайта серпілтіп, тұрмысты жақсартуға деген ынтасын оятып, сосын қолдау көрсетсек, көп нәрседен ұтарымыз анық, — дейді экономист.
Q4 Business school кәсіпкерлік мектебінің директоры Салтанат Минайханның пікірі де осыған саяды. Ол осы мәселе тұрғысындағы өз ойын: «Тоқыраудың үш түрі қаржылай дағдарысқа (кризиске) алып келеді екен: жан-дүние, білім, рухани тоқырау. Егер сіздің бүгін қалтаңыз тесік болса, үшеуінің біреуіне ұшырадым дей беріңіз», — деп түйіндейді.
Барлық түйткіл қоғамда қалыптасқан көзқарасқа байланысты екені рас. «Жоғарыда көкең болмаса, кәсіп ашамын дегенің далбаса» деген сөз – қазіргі кезде кәсіпкерліктің кең өріс алуына кедергі болып отырғаны да шындық. Жасыратыны жоқ, кезінде шаруа қожалықтар ауылшаруашылығы техникаларын лизингке алу үшін де, өсіріп отырған бау-бағы мен төрт түлігіне субсидия алу үшін де жергілікті әкімдіктерден жаппай тамыр-таныс іздеп жататын. Тіпті, жай ғана тұрмыстық қажеттілік үшін алатын қаржылай несиеге қол жеткізу үшін де банктерде жұмыс істейтін «туысқан» іздеу де «трендке» айналған бір кездері.
Қазір ғой, бірқатар екінші деңгейлі банктер көрсететін қызмет түрлерін мобильдік қосымша арқылы автоматтандырғаны. Соның арқасында ортадағы «делдалдарға» тыйым салынды. «Әп-сәтте, несие алып беремін», деп қарызға батырып, қаржы тұрмақ, қарасын көрсетпей кететін алаяқтардың жолы кесілді. Мобильдік қосымшаның қызметін жетілдіру арқылы, тіпті, биыл несиені де онлайн рәсімдеуге де мүмкіндік алдық. «Әр нәрсенің қайыры бар» десек, пандемияның бір пайдасы осы болды.
Алайда, таяқтың екі ұшы бар. Банктегі рәсімдер жеңілдегенімен, қарызданушылар саны артты. Шынын айтқанда, қазіргі кезде екінші деңгейлі банктерде қарызы жоқ адам жоқ. Кейбірі тіпті, бір емес, екеуінен қатар несие алған. Ал кейбірі бір банктен бірнеше кредит рәсімдеген. Осылайша, ай сайынғы қолына тиетін жалақысын әр алған «қарызына» бөліп беріп отырған жайы бар. Міне, сондықтан сәуір-мамыр айларындағы төтенше жағдай кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екінші деңгейлі банктерге кәсіпкерлерге және азаматтарға берген несиені қайтару мерзімін өсімсіз 3 ай мерзімге кейінге шегеруді тапсырды.
Бірақ, банктен алған қаржысын бір іске, айналымға салып, өндірісі тоқтап қалған ірі бизнесмендер болмаса, қарапайым халық малын сатса да, уақытылы қарызын жауып тұруға тырысты. Себебі, сонау екі мыңыншы жылдардың басында Halyk Bank сияқты азаматтың төлем қабілетіне қатаң қарамай, несиені оп-оңай қолыңа ұстата салған кейбір банктер банкрот болып, соңынан коллекторлардың қоқан-лоққысына қалғандар «аузы күйген үрлеп ішедінің» керімен, төлемді тоқтатпауға ұмтылды.
Бір қызығы, пандемия кезінде де кейбір өндіріс орындарында уақытша жұмыс тоқтап, табыс көлемі төмендесе де, банктерден несие алушылар азайған жоқ. Негізі азаматтардың төлем қабілетіне қарайтын банктердің ең алдында Halyk Bank тұр десек, артық айтпаймыз. Бірақ сонысына қарамай, несиені қайтару сомасына қосылатын үстемеақы басқа банктерге қарағанда тиімді болғандықтан, жұрт алдымен осы қаржы мекемесіне қайырылып жатады. Несиелендірудегі басқа да тиімді жолдарын жарнамалап, оңай рәсімдеу арқылы тұтынушыны өзіне тартудың есебін тапқандары да бар. Алайда, соңғы жылдарда несие қарызының қайтарымы төмендеген соң, олар да алдымен төлем қабілетіне қарайтын болған.
Әсіресе, пандемия кезінде төлем қабілетіне орай банктер несие беруден бас тартқан соң, пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары онлайн несиелердің көмегіне жүгініп, ұрынып қалғандар көбейген. Сондықтан Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов онлайн-несие беретін компанияларға тексеріс жүргізу керектігін ескертті. «Төтенше жағдай мен карантин кезінде табыс көзінен айырылған біршама азаматтар несие алуға мәжбүр болды. Мұны микроқаржы ұйымдары, ломбардтар, онлайн-несие беретін компаниялар өз пайдасына шешіп кетті. Мысал келтірейін: «Кредит 24» компаниясының үстемақысы 56 пайызға дейін барады. Егер 100 мың теңге алсаңыз 27 150 теңге үстемақы төлейсіз. Ал төлем уақытынан кешіккен әр күнге 3000 теңге көлемінде айыппұл жүреді. Мені таңғалдыратыны – Қаржы нарығын дамытуды қадағалау агенттігінің шарасыздығы. Бұл мәселе қазір коронавирустан да қауіпті», – дейді Мәжілісмен.
Жалпы еліміздің қор нарығында жұмыс істеп жатқан 60-қа жуық екінші деңгейлі банк бар. Қазақстанда Ұлттық банктен басқа, елде қызмет ететін барлық банктер екінші деңгейлі қаржылық ұйым болып саналады. Ал олардың жұмысының заңдық негізі – 1995 жылдың 31 тамызында қабылданған №2443 «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк әрекеттері туралы» Заңы болып отыр.
Осы заңда көрсетілгендей, Қазақстандағы екінші деңгейлік банк – жеке меншіктен тәуелсіз коммерциялық әрекетті жүзеге асырушы заңды тұлға. Оның қызметі пайда табуға негізделген. Сондықтан олар ел аумағында, сол сияқты оның шекарасынан тыс жерлерде өздерінің дочерний банктерін, филиалдары мен өкілдіктерін ашуға құқылы.
Ардақ Үсейінова, журналист. Тараз қаласы.