ҰЛТ ҰСТАЗЫНЫҢ ҰСТАХАНАСЫ

0

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің  Қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша кәсіби маман дайындау ісін  1928 жылдан  бастап жүзеге асырып келеді. Кафедраның негізін қазақ тіл білімі мен қазақ әдебиеті саласында еңбек еткен ірі тұлғалар, көрнекті ғалымдар қалады. 94 жылдық бай тарихы бар кафедра ұжымы республиканың білім мен ғылым саласында білікті мамандар даярлауға  өлшеусіз үлес қосты. Олардың ерен еңбектері нәтижесінде филология факультетінде білім алған түлектердің ішінен  көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, атақты ақын-жазушылар, әдебиеттанушы, тілші ғалымдар шықты.

Бүгінгі күн биігінен қарағанда қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының тарихын үш кезеңге бөлуге болады:

І. Алаш кезеңі. Университет ашылған 1928 жылы Лингвистикалық-психологиялық бөлім болып құрылған ұйымды 1928-1929 жж. қазақтың рухани көсемі, Ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы басқарды. Алғашқы күннен бастап-ақ отандық білім беру жүйесінде қызмет ететін филолог-педагог мамандарды  даярлау ісі қолға алынды. Бұл кезең қазақ лингвистикасы мен  әдебиеттану ғылымдарының іргетасы қаланған, оны білім беру жүйесіне ендіру, жас ұрпаққа бастауыш және орталау мектептерде ана тілі мен әдебиетін оқытудың әдістемелік мәселелері мен ғылыми негіздері өзара сабақтастықта  қарастырылған жылдар болды. Сонымен қатар жоғары білім жүйесінде ұлт кадрларын даярлаудың  ғылыми-әдістемелік мәселелері алғаш рет жүйелі түрде зерттеле бастады.  Осы жылдарда  қазақ жазуын реформалау қолға алынды.  Ұлттық тіл мен қазақ әдебиеттану ғылымдарының негізі салынды.

1932-1937 жж. Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасын қазақтың біртуар ұлы, қазақ лингвистикасы бойынша тұңғыш профессор Құдайберген Жұбанов басқарды.  Ел басына күн туған нәубет жылдардың ауыр сындарына, әділетсіз қуғын-сүргін жылдардың ауырпалығына қарамастан ұлт зиялылары, педагог-ғалымдар мен ұстаздар қабілетті, зерек те зерделі ұрпақ тәрбиелеуге бар күш-жігерлерін аямай жұмсады.

Осы салада еңбек еткен аса көрнекті ғалымдар  әр саланың  ғылыми-теориялық негізін қалаушы маман ретінде еліміздің білім мен оқу жүйесін, ғылымның түрлі салаларын дамытуға елеулі үлес қосты. Осы жылдары тіл мен әдебиетті үйрететін мектеп мұғалімдерін даярлау ісі мен лекция курстары арқылы жүйелі сабақ беру, қазақ лингвистикасы мен ғылыми терминологиясын  бірегейлендіре қалыптастыру, латын жазуына көшу мәселелері қолға алынды. Профессор Қ.Жұбанов бастаған ұжым фонетика (буын, үндестік заңы, дыбыс құрылысы), морфология (көмекші және күрделі етістіктердің жасалуын, сөз құрылымы, өлі түбір және өлі қосымша), синтаксис (қазақ сөйлеміндегі орын тәртібі, сөйлем түрлері, сөйлем мүшелері) емле, термин мәселелерін зерттеп, аталған салалардың дамуына зор ықпал етті. Қ.Жұбановтың 1936 жылы қазақ орта мектебінің 5-сыныбына арналған «Қазақ тілінің грамматикасы», 1-бөлім, «Жалпы морфология» оқулығы кейінгі көптеген авторларға үлгі болды.

Сонымен қатар, бұл кезеңде орыс тілді мектептерде қазақ тілін оқыту әдістемесі саласында  алғашқы зерттеулер жарияланды. Орыс тілді мектептерге арналған «Қазақ тілі» оқулықтары, әдістемелік нұсқаулықтар жазылды. Нәтижесінде кафедраның ғалым-оқытушылары республикада ғылыми мектептердің дамуына  ықпал етті.

ІІ Кеңестік кезең: социалистік идеология басым кезең

1937 жылы қазақ тілі мен қазақ әдебиеті кафедралары өз алдына жеке кафедра болып бөлінді. Қазақ тілі кафедрасын 1937-1941жж., 1943-1958жж. ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы Сәрсен Аманжолов басқарды. Бұл жылдарды кафедраның ғылыми салаларды жетілдіру бойынша классикалық тарихы деп атауға болады. Осы кезеңде   қазақ тіл білімінің салалары кеңейтіле зерттелді. Тілдің тарихы мен диалектология мәселелерін зерделеу қолға алынды. Жергілікті тіл ерекшеліктері мен қазақтың ру-тайпа тілдері мәселелері, қарастырылды. Дегенмен, кеңестік саясаттың салдарынан ұлт тілі мен әдебиеттану ғылымдарын зерттеуде социалистік идеологияға басымдылық беріліп отырды.

С.Аманжолов қазақ тілінің грамматикалық құрылысын зерттеуде, мектеппен жоғарғы оқу орны үшін бағдарлама, оқулықтар жазуда, ғылыми кадрлар даярлауда көп еңбек сіңірді. Ол қазақ тілінің тарихы мен диалектологиясы, орысша-қазақша сөздіктер, терминология, грамматика, морфология мәселелерінің ғылыми жүйеге келуіне тікелей ат салысты. Әсіресе, синтаксис теориясына ерекше көңіл бөлді. Сөз таптарының сөйлем мүшесі болу шарттары, сөйлемнің құрамы мен дәнекерлері, интонация, оқшау сөздер,  шақ және жаққа қатысты синтаксистік категориялар, құрмалас сөйлем, үйірлі мүше жайында кезінде тың қорытындылар жасады. Оның 1940 жылы шыққан «Қазақ тілі ғылыми синтаксисінің қысқа курсы» атты еңбегі 1950 жылдың басына дейін студенттердің бірден-бірі оқу құралы болды. С.Аманжолов 1937-1938 жылдары тілдегі диалектілік ерекшеліктерді жинап зерттеуді ұйымдастырып, диалектілердің сипаты, айырым белгілері, тайпалық тілдермен байланысы, ұлттық әдеби тілге қатысы сияқты күрделі мәселелер туралы ғылыми тұжырымдаржасады. Диалектілерге халық, тіл тарихы тұрғысынан қарап, олардың әлеуметтік сипатын ашты. Оның «Вопросы диалектологии и истории казакского языка» (1959) монография тек қазақ тіл білімінде ғана емес, түркология қоғамдық ғылымдар саласында елеулі табыс ретінде бағаланады.

Негізі А.Байтұрсынұлы еңбектерінен басталатын  мектеп оқулықтарын жасауды осы кафедрада  қолға алды. 1931 жылы бастауыш мектептің 3-сыныбына арналған оқу кітабы, 1932 жылы 4 сынып үшін «Қазақ тілі грамматикасы», 1933 жылы 6-7 сыныптар үшін «Қазақ тілі грамматикасы», 1938 жылы «Қазақ тілі грамматикасы, I бөлім, фонетика, морфология» оқулығы, 1939 жылы осы оқулықтың синтаксис бөлімдері шығарылды. 6-8-сыныптардың оқулығы А.Әбілқаев, И.Ұйықбаевтың авторлығымен жарияланды. 1930 жылдарда, қазақ, орыс мектептеріне арнап Т.Шонанов, I.Кеңесбаев, Н.Сауранбаев, Ғ.Бегалиев, М.Балақаев сынды ғалымдар қазақ тілінің бірнеше оқулығын шығарды. Қ.Жұбанов пен С.Аманжолов дәстүрін кейін ҚазПИ-дің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінің бір кездегі түлектері әрі қарай жалғастырды. Олар өздері зерттеген қазақ тіл білімі салаларын теориялық жағынан тереңдетіп, жоғары деңгейге көтерді. Мәселен, ҚР ҰҒА корреспондент- мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор А.Ысқақов қазақ тілі морфологиясының теориялық негіздерін жасауда, түркологияда бірінші рет қазақ тілі түсіндірме сөздігінің 10 томын. «Абай тілі сөздігін» шығаруға айырықша еңбек сіңірді. ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы, профессоры М.Балақаев сөз тіркесі синтаксисін жеке сала етіп қалыптастыруда, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор Ғ.Ғ.Мұсабаев қазақ тілі лексикологиясын зерттеп бір жүйеге келтіруде, филология ғылымының докторы, профессор Т.Қордабаев құрмалас сөйлемнің зерттелуін жетілдірді, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор Р.Ғ.Сыздықова қазақ әдеби тілінің ғылыми мәртебесін анықтап, тарихи кезеңдерін саралап зерттеуде нәтижелі еңбек етті. Қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаған алғашқы еңбектер осы кафедрада пайда болды. Олардың қатарына С.Жиенбаевтың «Қазақ тілінің методикасы» (1941), Ш.X.Сарыбаевтың «Орыс мектептерінде қазақ тілін оқыту методикасы» (1944), «Қазақ тілін оқыту методикасының кейбір мәселелері» (1955), «III сынып мұғалімдері үшін методикалық жетекші құрал» (1955), Ғ.Бегалиевтың «Бастауыш мектепте қазақ тілінің методикасы» (1940), «Бастауыш мектепте қазақ тілі методикасы мәселелері» (1950),

ІІІ Кеңестік кезең: социалистік идеология мен ұлттық ғылымның сабақтастықта даму кезеңі

Бұл кезеңде қазақ тілі кафедрасын қазақтың көрнекті ғалымдарыДәулетияр Әлімжанов (1961-1971жж.), Ғабдолла Қалиев(1958-1961жж., 1972-1973жж.), Жамал Болатов (1977-1978жж.), Фатима Мұсабекова (1979-1988жж.), Сейілбек Исаев (1988-1989жж.) басқарды. Бұл дәуір кафедра мамандары жүргізген салалық зерттеулер мен болашақ педагог мамандарды даярлауда ұлттық қағидалардың негізге алынуымен ерекшеленеді. Зерттеу жұмыстарының бағыттары сараланып, дербестене бастады. Д.Әлімжанов, Ы.Мамановтың «Қазақ тілін оқыту методикасы» (1965); Д.Әлімжановтың «Қазақ тілі морфологиясын оқыту әдістемесінің мәселелері» (1972), А.Әбілқаевтың «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» (лекциялар жинағы, 1994) сияқты еңбектер жарияланды. Филология ғылымының докторы, профессор Ф.М.Мұсабекова қазақ тілінің стилистикасы мәселелерін зерттеп, «Зат есімдердің стилистикасы» (1976), «Қазақ тілі стилистикасының мәселелері» (1979), «Қазақ тілінің практикалық стилистикасы» (1982) және т.б. еңбектер жазды. Филология ғылымының докторы, профессор Н.Оралбаева қазақ жазуының тарихын және етістіктің аналитикалық тұлғаларын зерттеп, «Қазақ графикасы мен орфографиясының негіздері» (1968), «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалы форманттары» (1975), «Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттарының құрылысы мен мағынасы» (1979) сияқты еңбектер жазды. Профессор Ғ.Қалиұлы қазақ говорларының құрылымын зерттеп, «Қазақ говорларының жүйесін зерттеу мәселелері» (1977), «Қазақ говорларындағы диалектілік сөз тудыру» (1985) деп аталатын монографиялық еңбектерін жазды. Сонымен бірге ол ҚР ҰҒА Тіл институты шығарған «Қазақ диалектологиялық сөздігін» (1969, 1996) жасаушылардың бірі. Доцент А.Әбілқаев қазақ тіліндегі жай сөйлем түрлері, төл сөз мәселелерін зерттеп, «Қазақ тіліндегі төл сөз» (1956), «Де» етістігінің мағынасы мен қызметі» (1958), «Қазақ тіліндегі жай сөйлем түрлері» (1963) деп аталатын еңбектерін жазды. Доцент К.Ә.Бейсенбаева «Орыс және қазақ тілдерінің грамматикасы» (1967), «Қазақ тілінің фонетикасы» (1973), «Қазақ тіліндегі қосымшасыз есім тіркестері» (1974); доцент Ш.К.Бәйтікова «Қазақ тіліндегі неологизмдер» (1971) Ф.Оразбаева «Қазақ тілі сын есімдер синонимі» (1988), сияқты еңбектер жазды.

ІV Тәуелсіздік кезеңі

Бұл кезеңде қазақ тілі кафедрасын көрнекті ғалымдар: филология ғылымдарының докторы, профессор  Нұржамал Оралбаева (1989-1997жж.), педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі   Фаузия Оразбаева (1997-2014 жж.) басқарды.  Ал, 2014-2018 жылдан бастап педагогика ғылымдарының докторы, доцент Жанат Дәулетбекова, 2018-2020 жылдары филология ғылымдарының докторы, профессор Қалбике Есенова, 2020 жылдан филология ғылымдарының докторы, доцент  Нағима Ильясова басшылық етіп келеді. Бұл кезеңдегі кафедраның жұмыс бағыттары  тәуелсіз елдің ұлттық ғылым мен білім беру жүйесінде реформалардың жасалуымен және соған сай жоғары білім беру жүйесінің жаңаруымен ерекшеленеді. Кафедра ұжымы республикада тілді оқыту саласы бойынша көшбасшы ұжымға айналды. Ғалым-ұстаздардың жүргізген зерттеу жұмыстары нәтижесінде  кафедра қазақ тіл білімі мен әдістеме ғылымының қара шаңырағы ретінде қалыптасты. Бұл кезең егемен елдің ұлт тілін оқытатын пән мұғалімдерін  даярлау үдерісінде  ұлттық ғылым мен білім саласында  қалыптасқан озық  дәстүрлер мен өркениетті елдердің инновациялық тәжірибелерін тоғыстырған жаңа зерттеулердің дамуымен сипатталады.  бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарымен және мектепке, жоғары оқу орындарына арнап, оқулық, оқу құралдарын шығарумен үздіксіз шұғылданды. 1991 жылдан қазақ тілі кафедрасы жоғарғы оқу орындарына арнап бірқатар бағдарлама және оқулықтар шығарылды.  Республика көлемінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының Типтік оқу жоспарлары даярланып, білім беру бағдарламаларының негізгі пәндері белгіленеді. 2004 жылдан ҚР барлық ЖОО-ы кредиттік оқыту жүйесімен білім беруге көшті. Кафедра ұжымы аталған мамандықтың міндетті базалық пәндері мен элективті пәндерінің мазмұнын жасау ісімен, мектепке маман даярлаумен, мектеп оқулықтарының мазмұнын жасауда ірі ғылыми-әдістемелік орталыққа айналып отыр.

Бүгінгі таңда кафедра ұжымы аға буын негізін қалаған ғылыми, оқу-әдістемелік жұмыстарды абыроймен жалғастырып келеді. Қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасы ұжымы жоғары және жоғары білімнен кейінгі бағыттар бойынша алты мамандық бойынша ұлттық кадрлар дайындаумен айналысып отыр

Кафедрада негізін Ахмет Байтұрсынұлы қалаған, қазіргі таңда кемелденіп, қалыптасқан ғылыми мектептің зерттеу бағыттарын: қазақ тіл білімінің даму тарихы, антропоөзекті лингвистика теориясы, түркітану, қазақ тілін оқыту әдістемесі  деп шартты түрде төртке бөлуге болады. Аталған зерттеу бағыттары бойынша кафедра мамандары дайындаған оқулықтар мен оқу құралдары, монографиялар жарияланып, республиканың білім беру жүйесінде қолданылып келеді.  Кафедрада жоғары білімді педагог дайындау мен мектептегі білім мазмұнын құру жұмыстары өзрара тығыз байланыста дамып келеді. Кафедра оқытушылары – Тәуелсіз Қазақстан мектептері мен жоғары оқу орынадарына арналған білім беру бағдарламаларының, білім стандарттарының белсенді авторлары және авторлық куәлік иелері: Оразбаева Ф.Ш., Дәулетбекова Ж.Т., Рахметова Р.С., Рауандина А.К. Авторлық құқық объектісі: әдеби туынды. Объектінің атауы: Қазақ тілі. Бастауыш, негізгі орта жане жалпы орта білім беру деңгейлерiнe арналған оқу бағдарламасы (оқыту қазақ тілінде емес); Оразбаева Ф.Ш., Дәулетбекова Ж.Т., Рахметова Р.С., Рауандина А.К. Авторлық құқық объектісі: әдеби туынды. Объектінің атауы: Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесінде мемлекеттік тілді деңгейлік оқытудың тұжырымдамасы; Оразбаева Ф.Ш., Дәулетбекова Ж.Т., Рахметова Р.С., Рауандина А.К. Авторлық құқық объектісі: әдеби туынды. Объектінің атауы: Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесінде (мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру – жалпы орта білім – арнаулы кәсіптік білім – жоғары білім) қазақ тілін деңгейлік оқытудың стандарты; Есенова Қ. Лингвосаясаттану: саяси дискурс прагматикасы (ЭВМ-ге арналған бағдарлама –электрондық оқу құралы). Есенова Қ. Лингвосаясаттанудың өзекті мәселелері: (ЭВМ-ге арналған бағдарлама –электрондық оқу құралы). Қалыбаева Қ.С. Салыстырмалы түркі фразеологиясы. Дәулетбекова Ж.Т., Нұрғали С., Алибаева М.С. Сөз – өнер. Сөз шеберлігін үйренгісі келетін білім алушыларға арналған оқу құралы. Жиренов С.А. «Көркем білім берудегі ұлттық сана мен мәдени құндылықтардың өркендеуі» ғылыми туынды; Жиренов С.А. «Көркемөнерден білім алуға арналған терминологиялық сөздік (қазақ, орыс, ағылшын, түрік тілдерінде)» құрамдас туынды. Қобланова А.Ж. Авторлық құқық объектісі: әдеби туынды. Объектінің атауы: Қазақ сөз этикеті ЭЕМ-ге арналған бағдарлама; Османова Г.Ж. Авторлық құқық объектісі: ғылыми туынды. Объектінің атауы: Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын топтар санатында ғы мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайы. Қорыта айтқанда, биыл 94 жылдық тарихын атап өтіп отырған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің іргелі ұжымы – Академик С.Қирабаев атындағы Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы жас ұрпаққа ұлт тілін оқытатын мамандар даярлайтын ұлағат ұстаханасына айналды. Бұл ұжым ұлт зиялылары негізін қалаған ұлттық лингвистика мен отандық педагогика ғылымдарының дамуына қызмет ете беретіні кәміл.                    

Майра Әбибуллақызы Жүніс – филология ғылымдарының кандидаты (PhD), профессор

Оставьте ответ

Ваш электронный адрес не будет опубликован.