Атырау облысында «Потенциал Ойл» ЖШС экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін салынған 1,43 млрд теңгеден астам айыппұлды толық төледі, деп хабарлайды Tarazy.kz
Атырау облысының Экология департаменті жүргізген тексеру барысында кәсіпорында бірқатар заң бұзушылық анықталған.
Атап айтқанда, өндірістік экологиялық бақылау талаптарының тиісті деңгейде орындалмағаны, ағынды суларға мониторинг жүргізу тәртібінің бұзылғаны, сондай-ақ міндетті экологиялық есептіліктің тапсырылмаған, кешіктірілген немесе дұрыс рәсімделмеген жағдайлары тіркелді.
Сонымен қатар ластаушы заттардың шығарындылары, тиісті экологиялық рұқсатсыз жекелеген жұмыстарды жүргізу, белгіленген шығарындылар нормативтерінен асып кету және өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқару талаптарын бұзу фактілері анықталды.
Тексеру кезінде қажетті экологиялық рұқсаттар мен бекітілген лимиттер болмаған жағдайда ластанған топырақ пен түптік шламның жиналғаны да белгілі болды. Бұдан бөлек, кәсіпорынның қалдықтарды басқару бағдарламасы іс жүзінде түзілетін қалдықтардың көлемі мен түрлеріне сәйкес келмеген.
Тексеру қорытындысы бойынша 37 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, жалпы сомасы 1 433 815 923 теңге болатын жеті әкімшілік айыппұл салынды.
«Потенциал Ойл» ЖШС бұл шараларға сот арқылы шағымданған. Алайда бірінші және апелляциялық инстанциядағы соттар компанияның шағымдарын қанағаттандырмады.
Қазіргі уақытта 1,4 млрд теңгеден астам айыппұл толық көлемде мемлекет кірісіне өндірілді.
