Қызылорда өңірінің тумасы, біршама республикалық айтыстарда Бас бәйгені қанжығалап жүрген, сонымен қатар, бүгінгі заман талабына сай «Оnline айтыс» жобасының бас жүлдегері атанған, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі Нұрзат Қару жайлы білеміз бе?
Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету, оның ішінде елдің мұңы мен зарын ертеңге жеткізетін, қазақ дегенде қадіріңді бір ауыз сөзбен келтіріп, құрметіңді де арттыра салатын айтыс өнерінің орны ерекше. Киелі өнерді жанына серік еткен арудың жетістік жолы да айрықша.
Нұрзат айтыс өнеріне келуіне өзінің ата-анасы себепші болғанын айтады. Себебі әкесі де, анасы да өнерден кенде емес екен.
- Айтыс өнері алдымен ата-бабаларымыздан дарыған болуы керек. Әйтпесе, жайдан жай қазақтың қанына сіңісіп кетпесе керек-ті. Жалпы әкем де, анам да өнерден кенде емес. Сол кісілердің де тәрбиесі болар қолыма домбыра ұстатқан. Одан бөлек студент кезімізде университеттің атынан жарыстарға қатысып жүріп айтыс көшіне еріп кеттік.
«Қыз балаға айтыстың жүгін көтергеннен нардың жүгін көтерген оңай шығар» — дейді Нұрзат.
- Қашаннан өнер жолы кімге болса оңай емес екені белгілі. Дегенмен, айтыс өнері жүре үйреніп кететін, болмаса жаттап алатын дүние емес. Ал осындай өнердің ішінде қыз балаға айтыстың жүгін көтергеннен нардың жүгін көтерген оңай шығар. Кейбір жандарға оңай көрінуі мүмкін, бірақ, өте қиын. Айтыста айтқыш болып жүргеніміз сол жүктің салмағын сезінгеннен кейін де шығар.
Қазіргі ел басына төнген нәубет қай салаға болмасын айтарлықтай кедергі келтірді. Біраз танымал тұлғаларымыздан көз жазып қалдық. Нұрзат та бұл пандемияның ұлттық өнерге көп кесір тигізгенін айтады.
- Пандемияның айтыс өнеріне көп кесірі тиді. Қаншама іс шарамыз өтпей қалды. Буырқанып жатқан өнерді сыртқа шығаратын да себеп керек қой. Жағдайға байланысты жаңаша айтысқа да етіміз үйренді. «ОНЛАЙН Айтыс» жобасын ұйымдастырып, сол жерде Бас жүлде алдым. Онлайннан офлайнға өткенше еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен. Бәрі қалпына келетін шығар. Болашақта айтыс бүкіл жын ойнақтың орнын ауыстырып ең биік шыңда тұрады деп елестетемін өз басым, — дейді.
Нұрзаттың айтыс өнеріндегі қарым-қабілетін аға-ұстазы, айтыстың алдаспанына айналған ақын Ринат Заитов қаршығаға теңейді.
- Нұрзат қыздардың қаршығасы ғой. Кез келген ұшып бара жатқан құсты іліп түсетін қаршыға! Сырдың жырын әбден сіңірген, қара өлеңнің уызына жарыған деп ауыз толтырып айтып жүрмін өзім. Әселхан апасындай кейде шақпалығы бар, Әсия апасындай ақпалығы бар біз Нұрзат қарындасымыздан болашақта үлкен үміт күтеміз, — дейді танымал айтыскер ақын.
Біз де Нұрзатқа шығармашылық шабыт, айтыс өнерінде тек биіктен көріне беруді тілейміз!
Мақала Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру» мемлекеттік гранты аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің қолдауымен «Жетістіктің тарихы» іс шара жоспарына сәйкес әзірленді.