Адамзаттың әсем жаратылысы ретінде әйел адамға о баста табиғатпен дүниеге ұрпақ алып келу, болашақ ұрпақты тәрбиелеу, ошақ басының ұйытқысы секілді қызметтерді атқару жазылып қойылған. Алайда, тарихи процесс барысында орын алған түрлі оқиғалардың әсер етуімен мүлде кереғар жағдай орын алып отыр. Әйел адамның табиғатына кей жағдайда жат болып келетін, мысалы, қарамағындағыларға шектен шыққан озбырлық көрсету, тыңшылық қызмет, мақсатты түрде кісі өлтіру, т.б. осы секілді қызметтері аңыздар мен тарихи фактілермен дәлелденген.
Ең алғаш әйелдің қатысуымен болған террористік актінің тарихи-мәдени куәсі ретінде еврей әйел Юдифтің әрекетін санауға болады. Туған қаласын ассириялықтар қоршап, қамауға алғаннан кейін,ол ең әдемі жамауларын киіп, ассириялықтардың қолбасшысы Олофреннің шатырына келіп, сұлулығымен оны тамсандырады, еліккен қолбасшыны шараппен мас қылған Юдиф, ұйықтап жатқан кезінде басын шауып алады да, басын туған қаласына жеңістің белгісі ретінде алып келеді. Осы әрекетімен ол өз қаласын жаудан аман сақтап қалады. Бұл оқиға б.з.д. 589 жылмен сипатталады. (Юдиф –екіншіканоналық ескі өсиетті «Юдиф кітаптарының» кейіпкері, өзінің туған қаласын ассириялықтардың жорығынан аман сақтап қалған еврейлік жесір әйел
Бұл жерде Юдифтің сұмдық әрекетінен қазіргі кезеңге де тән кей себептер мен белгілерді байқауға болады: оның мұндай зұлымдық әрекетке баруының бірден-бір мотиві – идея, яғни бауырластарын жауға қарсы соғысқа рухтандыру арқылы, соңғыларының үрейін ұшыру болды.
Ресейдегі әйел терроризмінің пайда болуы мен дамуы ХІХ ғ. ІІ жартысы мен ХХ ғ. басындағы Ресей империясындағы революциялық кезеңмен сипатталады.
ХІХ ғ. мен ХХ ғ. межесінде Ресей империясындағы революцияға әйел адамдардың қатысуы туралы террористік топтардың қоғамға танылуының екі жүйесі, яғни саяси терроризмнің екі моделі қалыптасты:
1.«Қоғаммен диалог» — «қорғайтын террорист» образы, өзінен өткен жауыз және зұлым жауының террорына жауап беру үшін күреске шығуға мүдделі болған террорист-әйел: Вера Засулич.
2.«Жою соғысы» немесе ультрарадикализм орыс революциялық терроризмінің пайда болуымен байланысты барлық негізгі фигураларды біріктіреді: Софья Перовская, Вера Фингер, Фанни Каплан.
Бұл әйелдер жалғызбасты болған жоқ, олардың түгелі дерлік жоғары идеялы ұйымдардың мүшесі болды, және ең бастысы өз ұйымдарының көсемдерімен мемлекет шенеуніктеріне шығарылған үкімдердің атқарылуын жүзеге асырып отырды. Айта кететін бір жайт, аталмыш ұйымдардың қызметі тек мемлекет құрылысын қайта құрумен ғана байланысты болған жоқ, сонымен бірге, олардың әрекеттерінің негізінде ұлт-азаттық идея және әйелдерді азат ету идеясы – феминизм жатты.
Әйел терроризмі дамуының екінші толқыны Еуропадағы солшыл террористік ұйымдардың пайда болуымен сипатталды. 1960 ж.ж. аяғында пайда болған Еуропадағы солшыл қозғалыстардың жарылысы төңкерістік күресте зомбылықты пайдалануға талпынған көптеген солшыл топтардың жандануына алып келді. Идеологиялық террористер марксизм, маоизм, анархизм, троицкизм және т.б. солшыл доктриналарға бағытталды.
Қай уақыттан бастап исламдық террористік және радикал-экстремистік ұйымдар өз әрекеттеріне нәзік жандыларды пайдалана бастады? Ең бірінші шахид атанған әйел кім? Аталмыш ұйымдардың әйел адамдарды өз әрекеттеріне қатыстырудың басты себебі неде? Міне, әйел терроризміне қатысты осы секілді заңды сұрақтар қазіргі кезде шешімін кейінге қалдыруды талап етпейтін мәселелер болып отыр.
Ең алғаш «шахид әйел» деген сөзді 2002 жылы 27-қаңтарда Палестина президенті Ясир Арафат митинг кезіндегі сөйлеген сөзінде қолданған болатын. Бұл жағдайда таңғаларлық бір факт – «шахид» атауының өзі бұған дейін тек ер адамдарға қатысты болатын. Ол оларды «менің раушан гүлдер әскерім» деп атап, «Шахид-әйелдер, Иерусалимге!» деген ұранды тастау арқылы, тұңғыш рет бұқара алдында құптау білдіреді. Ясир Арафаттың сөзіне құптау білдіргендей, дәл сол күні Вафа Идрис өмірімен қоштасады. Вафа Идрис (1980-2002) есімімен танымал палестиналық студент қыз 29 қаңтар 2002 жылы Иерусалимде тірідей өзін-өзі бомбамен жарып жіберген. Нәтижесінде бір адам өліп, 150-дей адамды жарақаттаған камикадзе қызға Ирак диктаторы Саддам Хуссейн Бағдадтан ескерткіш орнатуға бұйрық беріпті.
Исламда ең алғаш шахид атанған Сумайя бинт Хуббат атты әйел адам болды. Ислам дінін қабылдағаны жайлы жария қылған ең бірінші әйел, және жетінші мұсылман атанған ол, көпқұдайға табынушылардың тарапынан озбырлық көріп, діннен бас тартуын талап еткендігіне мызғымас қарсылық көрсетіп, жүрегіне шаншылған найзамен мерт болды.
Лейла Халед — жолаушылар ұшағында теракті жасаған алғашқы террорист әйел. Израильде кедей отбасында дүниеге келген. Балалық шағы Ливандағы палестиндіктердің босқындар лагерінде өткен. 1968 жылы Римнен Тель-Авивке ұшып бара жатқан лайнерді басып алып, ұшақты Сирияның Дамаск қаласына қонуға бұйрық берген. 213 жолаушыны кепілге алып, екі сириялық ұшқышты босатып беруін талап еткен. Соңынан жолаушыларды босатып, ұшақты жарып жіберген.
Зорлық-зомбылық пен терроризм зерттеудің халықаралық қоғамдастығының мүшесі Татьяна Дронзина палестиналық «шахидкалардың» өмірбаяндарына талдау жасай отырып, келесідей қорытындыға келеді. 2002 жылдың 27 қаңтарынан 2006 жылдың 26 тамызына дейінгі Палестинадағы террорист-әйелдердің қатысуымен 9 сәтті жарылыс ұйымдастырылып, нәтижесінде 37 адам мерт болып, 300-ден аса адам жараланады. Талдаудың нәтижесінде олардың барлығының исламдық радикалды ұйымдармен («Хамас», «Танзим», «Бригада мученников Аль-Аксы») байланысы болғандығы анықталған.
Зерттеуші Чезаре Ломброзо қылмыскер-әйелдердің келесі типтерін анықтаған: тума қылмыскер-әйелдер, жазатайым-қылмыскер-әйелдер, өз ісіне әбден берілген қылмыскер-әйелдер мен өзін-өзі өлтірушілер.
Ал террорист-әйелдерді топтастыру барысында соңғы екі классификацияны қолданған жөн. Олар:
1) Өз ісіне әбден берілген террорист-әйелдер. Оларға күшейтілген жыныстық сезімталдық, әлсіз аналық инстинкт, интелигенттілік, батылдық және өз ықпалына өзінен әлсіз мінезділерді көндіру және ең бастысы оның ер адам өміріне қызығушылық деген секілді мінезіндегі ауытқушылықтар жатады. Олар саясатқа қызығушылық танытып, етене араласа бастайды, өздерінің партиотықтарының, тіпті кей жағдайда діни нанымдарының нағыз азаптанушыларына айнала бастайды. Мысалға Қызыл Армия Фракциясының басшыларының бірі Ульрика Майнхофтың өмірбаянын келтіруге болады. Ол өзінің күйеуін, екі баласын, жұмысын тастап, қалған өмірін террористік іс-әрекетке арнауға бел буған.
2) Өзін-өзі өлтіруші террорист-әйелдер. Бұл категорияны екі бөлімшеге бөлуге болады:
1) Психикалық аурулар нәтижесінде өзіне-өзі қол жұмсаушылар;
2) Көндіру нәтижесінде өзіне-өзі қол жұмсаушылар [43, 51].
Біріншілерге психологиялық тұрғыдан «әбден өңделген» террорист-әйелдерді жатқызуға болады. Оның бастауы ХІХ ғасырдағы эсерлік ұйымдардан басталып, қазіргі кездегі радикалды және экстремистік ислам ұйымдары пайдаланатын террорист-әйелдер саналады. Әдетте бұл топқа жататын террорист-әйелдердің әлеуметтік отбасы жағдайы жақсы, көп жағдайда жоғары немесе орта білімді әйелдер болды. Мысалы, ең алғаш террористік әрекеттерді ұйымдастырушы әйелдер Софья Перовская мен Фанни Каплан бай отбасыларынан шыққан, сондықтан оларда өздерінің жағдайы төмен замандастарына қарағанда білімге қолжетімділік болған, осы салдар және сол кездегі Ресейдегі төңкерістік кезең олардың солшыл радикалды ұйымдармен етене араласып кетуіне себеп болған.
Сонымен, психологтардың айтуынша, әйел-террористердің терактіні жасауына күйеуінің қақтығыс кезінде қайтыс болуы немесе туған-туыстары үшін кек алу итермелесе, кейбірін, өзін ешкімге керегі жоқ сезінгендіктен өлімді артық көреді дейді. Оның үстіне террористік ұйымның басшылары оларға теракті жасаса шахид болып өлетінін, о дүниеде жұмаққа баратынын, қалған туған-туыстарына ақшалай көмек беретінін айтып көндіреді. Терроризмнің «тірі бомбасы» немесе тірі қаруына айналған әйел-камикадзелердің психологиялық босаңдығы, көңіл-күйіне тез әсер етуі қоғам үшін ғана емес, адамзат үшін де қауіпті нәрсе. Сондықтан, әрбір мемлекет өзінің қауіпсіздігіне сақ болмаса болмайды. Әлемдік кері құбылыстың түп-тамырына балта шабу оңай шаруа емес. Әйел затын өлімге байлап, дін мен жалған наным-сенімді жалау еткендердің құрбаны болмас үшін қоғамда ағарту және түсіндіру жұмыстары жиі жүргізілуі шарт. Әйтпесе, бұл індет ХХІ ғасырдың ішін кеулеген құрттай жайлай бермек.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, «Саясаттану» кафедарсының доценті, саяси ғылымдар кандидаты Тулебаева Меруерт Кенжебайқызы