Ғасырлар тоғысында адамзат біріккен күшпен шешетін жалпы планетарлық мәселелер көбейе түсті. Барлық мемлекеттер мен халықтарға қауіп төндіретін жаһандық құбылысқа терроризм айналды. Халықаралық саяси лексикада ортақ терроризм атауымен аталған бұл құбылыс ерекше қатыгездігімен, тұтқиылдығымен, күйретушілдігімен әлем халықтарын қорқытатын құбылысқа айналғаны шындық. Қазақстандық қазақ тілді баспасөз терроризм әрекетін лаңкестік әрекет деп, «терроризм» ұғымын «лаңкестік» деген ұғыммен алмастырып жүр. Бірақ халықаралық саяси терминді терроризмді «лаңкестік» деп аударудың қажеті жоқ деп есептеймін. Себебі, терроризм ұғымы өте күрделі, латентті табиғаты бар, көпжақты байланыстағы әлемдік құбылыс. Жеке бір елдің аймағында болатын құбылыстың халықаралық, тіптен әлемдік байланыстары күшейе түсуде. «Лаңкестік» ұғымымен «терроризмнің» жаһандық себептерін, тамырларын және байланыстарын түсіндіру қиын. Сонымен бірге радикалды саяси әрекет формасы ретінде терроризм мақсаты билікке әсер ету, билікті өзінің айтқанына көндіру. Сондықтан терроризм мен басқарушы биліктін қарым-қатынастары өте күрделі. Көп жағдайда терроризм басқарушы элитаға қарсы бағытталса, кейде басқарушы биліктің өзі терроризмнің құпия көзі, себебі болуы мүмкін.
Әлемдік саяси әдебиетте және публицистикада террорды латынның «terror» қорқу, шошу сөздерінен шығарады. Бұл ұғымды қорқыту саясаты, саяси қарсыластарды күш көрсету арқылы басып — жаныштау деген мағынада қабылдау басым.Шын мәнінде терроризм мақсаты күш көрсетіп қорқыту арқылы алға қойылған міндеттерді шешу. Осындай теориялық ұстанымды соңғы шыққан Ресейлік саяси сөздіктерден де байқаймыз. Зорлық арқылы жасалатын қылмыскерлік (өлтіру, ұшақтарды басып алу, кепілдікке алу) революциялық немесе экстремистік мотивте болады. Террористік актілерді билеуші саяси құрылысқа қарсы құпия қызмет ететін командос дайындайды, іске асырады. Оның көздегені биліктің әлсіздігін дәлелдеу немесе билікке қарсы қоғамдық пікір тудыру. Билікті түрлі бейберекет әрекеттерге ұрындыру арқылы құлату — деген анықтамамен де келісуге болады. Ресейлік саясаттану ғылымында терроризмді осындай анықтамамен баға беру және зерттеу үрдісі жалғасуда.
Терроризмді қорқыту саясаты, қарсыластарды қорқыту тәсілдерін пайдалану арқылы өз мақсатына бағындыру (ол үшін бейкүнә жандарды өлтіруге, халықты қыру әрекеттеріне дейін бару) деп бағалау тіптен ертеректе қабылданған түсінік. Кеңес Одағы кезіндегі қоғамтану ғылымында социалистік елдерде терроризм болуы ықтималдығы әлсіз деп есептелінді. Кеңес Одағы қоғамтанушылары көбінесе халықаралық терроризмді ғана зерттеді. Мысалы, 1983 жылы жарық көрген сол кездегі ең беделді басылымның бірі «Философский энциклопедический словарь» еңбегінде не терроризм, не халықаралық терроризм ұғымдарына анықтама берілмейді. Бұл жағдайдан 80-ші жылдарға дейін әлемдік қауымдастық үшін терроризм мәселесі қиындық болмағанын байқаймыз. Тек XX ғасырдың аяқ кезінде терроризм әлемдік қауіпке айналуына байланысты зерттеушілердің ерекше назарына ие болды.
Бірақта, ХVІІІ ғасырда пайда болған «терроризм» және де «террорист» ұғымдарының мән-мағынасы өзгерген жоқ. Терроризм — ұйымдасқан топ, партия, немесе саяси күш өзінің алдына қойған мақсаттарын зорлық көрсету арқылы ғана іске асыруға әрекет етуі болып қала береді. Француз революционерлері ХVІІІ ғасырда өзара мақтанышпен қолданған террорист сөзі якобиншілерден кейін — ақ жағымсыз атау ретіндегі мәнге ие болды. Террорист сөзі «қылмыскер» сөзінің баламасына, синониміне айналды. Террористік тәртіптер қорқыту мен зорлық әдістерін пайдаланып билік жүргізуге ұмтылады. Әлемдік террористік диктатураға гитлерлік режимді, 30 — шы жылдардағы сталинизмді, 70 — ші жылдардағы Комбоджадағы Пол Пот пен Иенг Сари режимдерін де жатқызуға болады. Ал ХХ ғасырдың 70 — ші жылдарынан бастап «терроризм» ұғымы тек билік үшін күресетін реакцияшыл топтардың мақсатты зорлық көрсету әдіс-тәсілдеріне айналды. Терроризмді негізінен билікке оппозициядағы топтар қолданады. Оппозицияның осындай радикалистік топтары көптеген елдерде бар. Олар билікке қарсы күресте үнемі жағдайды ушықтырып, қорқыту, үркіту және шошындыру психологиясын қалыптастыруға ұмтылып отырады.
Саяси жағдайды ушықтыру мақсатында олар ұшақтарды жарады, түрлі жерлерде өрт ұйымдастырады, дүкендерде, вокзалдарда, театрларда жарылыстар жасайды, кепілдікке адамдарды алады. Терроризмнің әсері оның ашық бүкіл халықтың көз алдында жасалуында. Оның жариялылығы терактінің қоғам мен билікке әсері мен ықпалын күшейте түседі.
Террористер демократиялық, ашық қоғам құндылықтарын өз пайдасына шешуге тырысады. Биліктің террористермен күрестегі қателіктері, жөнсіз әрекеттері электоратқа кері әсер етеді. Демек, террористер қоғамдық пікірге әсер етуді мақсат тұтады. Террористерді ауыздықтай алмаған биліктің сайлауда көп дауыс жинауы қиындай түседі. Көптеген БАҚ террористік сенсацияларды көрсетуге құмар. Солардың әрекеті арқылы терактілер әлем халқына тарайды, насихатталады, террористердің «ержүректік» қасиеттерін бүкіл жұрт білетін болады. Мысалы, БАҚ жұмысы нәтижесінде шешен террористерінің басшылары Аслан Масхадов, Шамиль Басаев т.б. есімдері әлемге әйгілі болды. Бұқаралық қоғамдық пікірде олардың істері бүге шігесіне дейін насихатталады. Ұйымдастырған терактілері талданады, жанкештілердің жазықсыз кепілдерді қалай зорлағаны, қалай өлтіргендері түгелдей тәптіштеп жазылады.
Себебі, демократиялық қоғам құруға бетбұрыс жасаған мемлекеттер халықтары тыныштық пен саяси тұрақтылыққа үйреніп қалған. Олар саяси қысым мен зорлықтан қорқады. Сондықтан террористер өз мақсаттарын насихаттау үшін билік өкілдеріне тікелей соқтықпай қарапайым халыққа соқтығады. Террористер әрекеттерінің қасіретті салдарларын БАҚ насихаттап, жариялайды. Бейкүнә халық террористердің әрекеттерін қадағалайды. Олар өз талаптарын тағы да БАҚ арқылы халыққа таратады. Сөйтіп террористер өз әрекеттерінің мән — мағынасын жұртқа жеткізеді.
Әсіресе халықаралық терроризм өзінің саяси мақсаттарын орындату мақсатында күрестің осындай әдіс — тәсілдерін өте кең қолданады. Өздерінің саяси және діни радикалистік мақсаттарын орындау жолында терроризмді мұсылман елдерінен шыққан топтар да белсенді қолданып келеді. Мұндай террористік топтар Ауғанстан, Пәкістан, Иран, Сауд Арабиясы, Ливан сияқты мұсылман елдерінен шығып отыр. Ондай топтардың кейбірінің халықаралық ұйымдарға айналғанын айтқан жөн. Кейінгі 10-15 жылда исламдық ұрандарды бүркемеленген мұсылман мемлекеттерінен шыққан халықаралық террористік топтардың басым болып, тұрғаны шындық. Исламдық террористік топтар дінді уағыздамайды. Олар үшін дін тек ұран үшін қажет. Радикалистік ислам террористері тікелей батыс имперализмнің басшыларына тиісе алмайды. Олар Батыс халықтарын үрейлендіріп бейкүнә, бейтарап, қарапайым адамдарға қарсы террористік актілер жасайды. Қазіргі терроризм табиғатын зерттеушілердің бірі Игорь Андреев айтқандай : «Қазіргі террористердің ойынына пайдаланатын материалдары қатардағы азаматтар — олар батыстың астаналарының, немесе араб елінің тұрғыны ма, маңызды емес. Олар тобыр оларды аяудың қажеттілігі жоқ. Лондондағы терактіні Хиросимо мен Нагасакидегі атом бомбалауына салыстыруға болмаса да, олар соғыс мақсаттарын орындамаса да, олар үрейдің қандай болатындығын көрсетті».
Көптеген терактілерді салыстыра зерттегенде қазіргі террористер алдын ала қорқыту әрекеттерін жасағанымен нақты нүктеге байланысты, нақты басшыға байланысты теракті жасамайды. Басым көпшілік терактілердің мақсаттары да, кімге қарсы бағытталғандығы да айқын емес. Кейінгі жиырма жылда терактіден тікелей қаза болған ірі державалар басшылары жоқ. Ресейде Шешен Республикасы Президенті Ахмат Қадыров қана жарылыстан қаза болды. Басқа ірі терактілердің барлығы адрессіз жасалған. Бұлай болуы Батыс лидерлері мен идеологтарына әлемдік өркениетке қарсы күресіп жатқан «халықаралық терроризм» құбылысы туралы сөз қозғауға және соған қарсы бірлескен күрес жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.
Қазақстан Республикасы ашық қоғам орнатып жатқандықтан әлемдік қайшылықтар мен қауіптерді басқа мемлекеттермен бірге қабылдайды. Сол себепті, терроризмнің әлемдік құбылыс ретіндегі табиғатын түсіну, оның салдарларын білу, іске асырылу формаларымен, әдістерімен таныс болу тағдырлық маңызға ие.
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, «Саясаттану» кафедарсының доценті, саяси ғылымдар кандидаты Тулебаева Меруерт Кенжебайқызы